Мұхаммед - Аллаһтың елшісі. Онымен бірге болғандар кәпірлерге қатаң, ал бір-біріне мейірімді. Оларды рукуғ жасаған / намазда иілген / , сәжде еткен, Аллаһтан кеңшілік әрі ризалық іздеген түрде көресің. Олардың белгілері - жүздеріндегі сәжделердің эсері. Олардың Тәураттағы сипаты осындай. Ал, олардың Інжілдегі мысалы - тұқымнан бүршіктеніп шығып, сосын қуаттанып, жуандап, сабағында тік тұрып, егіншілерді сүйсіндіретін егін сияқты. / Бұл / кәпірлерді олармен ызаландыру үшін. Аллаһ олардың ішінен иманға келген әрі ізгі амал жасағандарға кешірім және ұлы сый / жәннат / уәде етті.