ﮡ
ترجمة معاني سورة الأنبياء
باللغة الكازاخية من كتاب الترجمة الكازاخية - مجمع الملك فهد
.
من تأليف:
خليفة الطاي
.
ﰡ
Адам баласының есеп көретін мезгілі таяды. Алайда, олар кәперсіз бет бұруда.
Олар, Раббыларынан өздеріне келген әр жаңа ескертуді мүлде ойыншық етіп қана тыңдайды.
Олардың жүректері боста. Жасырын кеңескен залымдар: "Бұл сендер сияқты ғана адам. Көре тұра сиқырға ересіңдер ме?",- (деп күңкілдесті.)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: "Раббым; жер, көктегі сөйленгенді біледі. Сондай-ақ Ол, толык естуші, білуші" деді.
Олар: "Олай емес. бұл шым-шытырық түстер. Жоқ, өзінің жасандысы. Жоқ, ол ақын. Әйтпесе, бізге бұрынгы елшілерше бір белгі келтірсін" деді.
Бұлардан бұрынғы біз жоқ еткен кент (халқы) иман келтірмеді. Енді бұлар иман келтіре ме?
Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп, еркектерді ғана жіберген едік. Егер білмесеңдер Кітап иелерінен сұраңдар.
Ол пайғамбарларды тамақ жемейтін бір дене қылмадық. Сондай-ақ олар мәңгі қалушы да емес.
Сонан кейін оларға етілген уәдемізді шынға шығарып, оларды және қалаған кісілерімізді құтқардық та шектен шығушыларды жоқ еттік.
Сендерге ішінде өздеріңе үгіт болған бір Кітап жібердік. Сонда да түсінбейсіңдер ме?
Қаншалаған халқы залым кентті талқандадық та одан кейін басқа ел жараттық.
Сонда олар азабьмызды сезген сәтте, ол жерден қаша бастады.
"Қашпаңдар! Бақ берілген жерге, үйлеріңе қайтыңдар. Мүмкін сұраласыңдар" (деді.)
Олар: Өкінішке орай біз залым екеміз" деді.
Осы дауыстары; біз оларды орылған шөп, сөнген отқа айналдырғанға дейін сенбеді.
Көк пен жерді және екі арасындағыны ойыншық қып жаратпадық.
Егер бір ойыншық жасағымыз келсе де оны жасайтын болсақ өз қасымыздан-ақ жасап алар едік...
Егер етірікті, шындықпен ұрсақ, миын бырқ еткізер еді де сонда ол жойылып, кетер еді. Жасанды сөздеріңнің салдарынан сендерге нендей өкініш.
Көктер мен жердегілер Алланікі. Оның қасындағылар, Оған құлшылық қылудан дандайсымайды да шаршамайды.
Олар күндіз-түні Алланы дәріптеуден жалықпайды.
Олардың жерден жасап алған тәңірлері; солар, өліктерді тірілте ме?
Егер жер-көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып, кетер еді. Ғаршының Раббы Алла, олардың жасанды сипаттарынан пәк.
Ол, істегендерінен сұралмайды да олар сұралады.
Немесе олар, Алладан өзге тәңірлер жасап алды ма? (Мұхаммед Ғ.С.): Дәлелдеріңді келтіріңдер. Міне менімен бірге болғандардың Кітабы және менен бурынгылардың Кітабы" де. Олай емес, олардың көбі шындықты білмейді. Сондықтан олар жалтарады.
(Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: "Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар" деп қана уахи етіп, жібердік.
Сонда олар: "Алланың баласы бар" деді. Алла одан пәк. Олай емес, періштелер ардақты құлдары. (Олар періште Алланың қыздары дейтін еді.)
Олар, Одан оза сөз сөйлемейді. Сондай-ақ олар, Оның әмірін ғана орындайды.
Алла олардың өткенін де келешегін де біледі. Олар, Алланың разы болған кісісіне ғана шапағат ете алады. Олар Алладан қорыққаннан тітірейді.
Олардан кім: "Алладан өзге мен де тәңірмін!,- десе, оны тозақпен жазаландырамыз. Залымдардың сазайын сөйтіп тарттырамыз.
Қарсы болғандар, негізінде көктер менен жер тиіскен еді. Екеуін ажыратқанымызды, әр жанды нәрсені судан жаратқанымызды көрмей ме? Сондай-ақ сенбей ме?
Жер оларды тербетпесін деп, асқар тауларды орналастырдық. (16-С. 16-А) Және жөн табулары үшін кең жолдар жараттық.
Аспанды берік бір төбе қылдық. Олар болса, мұндағы белгілерден бет бұрады.
Ол сондай Алла; түнді, күндізді, күнді және айды жаратты. Әрқайсысы өз айналасында жүзеді.
(Мұхаммед Ғ.С.) сенен бұрын да адам баласына мәңгілік (өмір) бермедік. Ал егер сен өлсең сонда олар мәңгі қала ма?
Әркім өлімді татады. Сендерді сынап; жаман-жақсы күйге саламыз. Сондай-ақ бізге қайтарыласыңдар.
(Мұхаммед Ғ.С.) қарсы болғандар, қашан сені көрсе, өзіңді мүлде тәлкектеп: "Тәңірлеріңді сөз қылып жүрген осыма?",- дейді. Сондай-ақ олар өздері Рахманның зікіріне (Кітабына) қарсы.
Адам баласы асыққыш болып жаратылған. Белгілерімді көрсетемін. Менен тез тілемеңдер.
Олар: "Ал егер шын айтсаңдар, осы уәде қашан келеді?",- дейді.
Егер қарсы болғандар; оттан беттерін де арқаларын да қорғай алмайтын мезгілді білсе еді.
Олай емес! Бейнет оларға кенеттен келіп, өздерін абыржытады. Сонда олар оны тойтара алмайды да өздеріне мұрса да берілмейді.
Расында сенен бұрынғы пайғамбарлар да ажыуаланған. Сонда мазақтағандардың, тәлкектеген нәрселері өз бастарына жеткен.
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: "Сендерді күндіз-түні Алладан кім арашалай алады?",- де. Керісінше олар Раббыларының насихатынан бет бұруда.
Немесе бізден өзге өздерін корғайтын тәңірлері бар ма? Тәңірлері өз бастарына жәрдем ете алмаумен қатар бізден де қолдау таппайды.
Әрине, оларды да, аталарын да ұзын бір өмірге дейін пайдаландырдық. Ал енді олар, жерді айналасынан (апаттар арқылы) кеміткенімізді көрмей ме? Сонда жеңіске солар ие бола ма?
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: "Шын мәнінде сендерге уахи арқылы ескертемін. Саңырау ескертілсе де дауысты естімейді" де.
Рас, егер оларға Раббыңның азабынан азғантай ғана жетсе, олар: "Нендей өкініш! Біз залым екеміз" дейді.
Қиямет күні, туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір үрық түйірінің салмағындай болса да оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз.
Рас Мұса мен Һарүн (Ғ.С.) ға жақсы-жаманды ажырататын, тақуалар үшін жарық және үгіт түрінде Кітап бердік.
Олар Раббыларын көрмей-ақ қорқып әрі олар, қияметтен үрейленеді.
Бұл Құран біз түсірген мүбарак бір насихат. Енді соған да қарсы келесіңдер ме?
Рас, бұрын Ыбырайым (Ғ.С.) ға да туралық берген едік.
Сол уақытта ол; әкесіне, еліне: "Мына сендер шоқынған мүсіндер не?",- деді.
Олар: "Біз аталарымызды осыған табынған түрде таптық.",-деді.
(Ыбырайым Ғ.С.): "Рас сендер де аталарың да адасудасыңдар" деді.
Олар: "Сен бізге шындықты әкелдің бе? Ойнап, жүрсің бе?",- деді.
"Олай емес. Негізінде сендердің Раббыларың, көктер мен жердің Раббы; соларды Ол жаратты. Сондай-ақ осыларыңа айғақ болушыларданмын" деді.
"Аллаға серт етемін! Сендер бұрылып кеткеннен кейін әлбетте бұттарыңа соқтығамын" (деді.)
Сонда оларды быт-шыт қылып, бәлкім осыған айналар деп, үлкенін ғана қойды.
Олар: "Бұны тәңірлерімізге кім істесе де ол, анық залым екен" десті.
"Ыбырайым деген бір жігіттің осыларды сөз қып жүргенін естідік" десті.
"Оны, көрулері үшін адамдардың көз алдына алып келіңдер" десті.
" Әй Ыбырайым! Осыны тәңірлерімізге сен істедің бе?",-десті.
"Бәлкім мына олардың үлкені істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса, олардан сұраңдар" деді.
Олар өзара: "Шынында сендер залымсыңдар" десті.
Сосын олар, мүсеуірей сүлкиіп: "Расында бұлардың сөйлемейтінін білесің ғой" деді.
"Онда сендер Алланы қойып, өздеріңе ешбір пайда, зиян келтіре алмайтын нәрсеге табынасыңдар ма?"
"Түһ! Сендерге де Алланы қойып, табынғандарыңа да. Енді де түсінбейсіңдер ме?",- деді.
Олар: "Егер бір нәрсе істейтін болсаңдар, Ыбырайымды өртеп, тәңірлеріңе көмек етіңдер" десті. (Олар, Ыбырайымның қол-аяғын байлап, "мүнжанық" деген атқы арқылы отқа атарда Жебрейіл (Ғ.С.) келіп: "Бір хажетін бар ма?",- дегенде: "Саған хажетім жоқ" дейді. "Онда Раббыңнан тіле!",- дегенде: "Өзіне халім мәлім. Алла маған жетеді, Ол нендей жақсы ие" деп, нағыз Аллаға ғана сиынады. Б.М.Х.)
"Әй от! Ыбырайымға салқын, зиянсыз бол" дедік.
Олардың Ыбырайым (Ғ.С.) ға қастық істегілері келді. Бірақ өздерін сәтсіздікке ұшыраттық.
Лұт (Ғ.С.) ты құтқарып, әлемдер үшін мүбарак болған жерге жеткіздік.
Ыбырайым (Ғ.С.) ға Ысхақты артықша Яғқүпты бердік. Бәрін де түзу кісілер еттік.
Оларды әміріміз бойынша, тура жол көрсететін басшы қылып, оларға жақсылық істеуді, намазды орындауды, зекет беруді уахи қылдық. Олар бізге құлшылық қылушы еді.
Лұт (Ғ.С.) қа хикмет, ғылым бердік. Жаман істер істейтін кенттен құтқардық. Рас олар, жаман бұзық ел еді.
Оны рахметімізге бөледік. Рас ол жақсылардан еді.
Бұрын жалбарынған Нұх (Ғ.С.) тың тілегін қабыл етіп, оны әрі үй-ішін зор апаттан құтқарған едік.
Оны, аяттарымызды жасынға шығарған елден қорғадық. Өйткені олар, сұмпайы ел еді. Сонда оларды түгел суға батырдық.
Дауыт пен Сүлеймен (Ғ.С.) ді есіңе ал. Екеуі бір елдің қойы түнде егінге түсіп, соған билік айтқанда, биліктерін көріп тұрдық. (Дауыт Ғ.С.: "Егін иесі қойды алсын" деп билік қылғанда; баласы, Сүлеймен: "Қой иесі егінді бағып, жетілдіргенге дейін қой егін иесінде тұрсын" дейді. Б.М.Р.)
Сонда оны Сүлейменнің көкейіне салдық. Негізінен де әрқайсысына әкімшілік, білім бердік. Және Дауыт (Ғ.С.) пен бірге Алланы дәріптейтін тауларды, құсты бой ұсындырдық. Оны Біз істедік.
Дауыт (Ғ.С.) қа сендерді соғыстан қорғау үшін сауыт жасау өнерін үйреткен едік. Сонда сендер шүкір етесіңдер ме?
Сүлеймен (Ғ.С.) ге қатты желді бағындырдық. Оның әмірімен, біз мүбарак қылған жерге жүреді. (Сүлеймен (Ғ.С.) нің тағы желмен ұшып; Шамға, Йеменге дейін баратын еді. Б.К.Р.Х.Ж-Қ.) (34-С. 12-А. 38-С. 36-А.)
Оған суға сүңгитін, басқа істер де істейтін жындардан да мойынсал қылдық. Сондай-ақ олардың бақылаушысы едік. (34-С.12-А.)
Әйүп (Ғ.С.) те Раббына: "Маған бір бәле келді. Сен мәрхамет етушілердің абзалысың" деп, жалбарынды.
Сонда тілегін қабыл етіп, өзіндегі науқасты айықтырып, Сондай-ақ құлшылық қылушыларға ғибрат үшін өзіне семьясын және олармен бірге бір есе артық мәрхамет етіп, бердік. (Алла сынамаққа балаларын, мал-мүлкін алып, құрт ауру берсе де қабақ шытпай сабыр еткендіктен; науқасынан айықтырып, бүрынғыдан екі есе әулет, дәулет береді. Ж.Б.М.К.Р.Х.)
Ысмайыл, Ыдрыс, Зүлкәфил (Ғ.С.) дерге де (мәрхамет еткен едік.) Солардың барльіғы да сабырлы еді.
Сондай-ақ оларды мәрхаметімізге бөледік. Өйткені олар, игілерден еді.
Юнысты есіңе ал. Сол уақытта ашуланып, кетіп қалды да біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, сонда қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында): "Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Пәксін. Шын мәнінде мен қателесушілерден болдым" деп, жалбарынды. (37-С. 138-А.) (Айтқанына көнбеген еліне, ашуланып, бет алды кетіп, бір кемеге отырғанда балық жұтады. Б.М.К.Р.Х.)
Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз.
Зәкерияны да есіңе ал. Раббына: " Раббьм! Мені жалғыз қойма. Сен ең жақсы мұрагерсің" деп жалбарынды.
Сонда тілегін қабыл етіп, оған Яхяны бердік. Әрі жұбайын жасарттық. Өйткені бұлар, жақсылықтарға үмтылады. Бізден үмітпен қорқу арасында тілейді де бізге бәйек болады.
Сондай абыройын қорғаған (Мәрям) ға рүхымыздан үрледік. Сондай-ақ өзін де ұлын да бүкіл әлемге ғибрат қылдық.
Осы сендердің үмметтерің бір-ақ үммет. Мен Раббыларың. Сондықтан Маған ғана құлшылық қылыңдар. (Алланы бірлеуші бүкіл пайғамбарлар келтірген дін, Ислам діні. Сондықтан бір-ақ үмметсіңдер. Ж.Б.М.Р.К.)
Олар араларында дін істерін бөлшектеді. Негізінде барлығы бізге қайтады.
Сонда кім иман келтіріп, жақсылық істесе, оның еңбегі босқа кетпейді. Күдіксіз оған жазамыз.
Біз жоқ еткен кент халқының бізге қайтпауы мүмкін емес.
Яжүж, Мажүж ағытылып, әрбір төбеден келгенге дейін. (Хадис кітаптарында заман ақырға таяғанда: Яжүж, Мажүж шығатындығы білдірілген. Тәпсір Мадарік.)
Ол шын уәде (қиямет) таяса, сол уақытта қарсы болғандардың көздері шарасынан шығып: "Әттеген-ай! Біз бұдан кәперсіз залын екенміз" дейді.
Сендер және Алладан өзге табынған нәрселерің, тозақтың отынысыңдар. Сендер соған кіресіңдер.
Егер олар тәңір болса, оған кірмес еді. Барлығы онда мүлде қалады.
Олар, тозақта ыңыранып, олар ол жерде еш нәрсе естімейді.
Күдіксіз өздеріне Бізден игілік жазылғандар, солар тозақтан аулақ болады.
Олар тозақтың сыбдырын да естімейді. Сондай-ақ олар жаннаттағы көңілдері қалаған нәрселерінде мәңгі қалады.
Оларды қорқыныштың ең зоры уайымдатпайды да оларды періштелер: "Міне бұл сендерге уәде етілген күн" деп қарсы алады.
Ол күнде, көкті, кітаптың бетін бүктегендей бүктейміз де, әуел бастағыдай қайта жаратамыз. Бұл Бізге бір міндет. Шынында Біз орындаймыз.
Расында Тәураттан кейінгі Зәбүрде: "Жерге игі қүлдарым мұрагер болады" деп жаздық. (24-С.55-А.)
Күдіксіз осы Құранда, құлшылық қылған елге, әрине бір ұқтыру бар.
(Мұхаммед Ғ.С.) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік.
"Шын мәнінде маған, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір деп уахи етілді. Онда Соған бой ұсынасыңдар ма?",- де.
Ал сонда егер олар жүз бұрса: "Сендерді тегіс құлақтандырдым. Сендерге уәде етілген нәрсе алыс па? Жақын ба? Білмеймін" де.
"Күдіксіз Алла, сөздің көрнеуін де біледі, жасырғандарыңды да біледі."
"Білмеймін. (Бәлкім бұл (мерзім) сендер үшін бір сынау, бір заманға дейін пайдалану шығар."
(Мұхаммед Ғ.С.): "Раббым, туралықпен үкім ет. Жасама сүреттеулеріңе, мейірімді Раббымыздан жәрдем тіленеді" деді.