ﯪ
surah.translation
.
من تأليف:
خليفة الطاي
.
ﰡ
Көктер мен жердегі нәрселер Алланы дәріптейді. Ол Алла, тым үстем, аса дана.
Әй мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар.
Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады.
Күдіксіз Алла (Т.) өзінің жолында мықты қаланған дуардай сап болып, соғысқандарды жақсы көреді.
Сол уақытта, Мұса (Ғ.С.) еліне: "Мені не үшін ренжітесіңдер? Шын мәнінде сендерге Алланың елшісі екенімді рас білесіңдер" деген еді. Сонда олар, жолдан тайған кезде, Алла олардың жүректерін тайдырған еді. Алла бұзақы елді тура жолға салмайды.
Сол уақытта Мәрйем ұлы Ғиса (Ғ.С.): "Әй Израил ұрпақтары! Шын мәнінде мен, сендерге Алланың Елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін "Ахмед" атты пайғамбарменен шүйіншілеймін" деген еді. Бірақ олар (ол, айтылған) Пайғамбар, оларға ашық дәлелдермен келген кезде: "Бұл ашық жады" деді.
Ислам дініне шақырылғанда, Аллаға қарсы өтірік жала жапқаннан кім залымырақ? Сондай-ақ Алла, залым қауымды тура жолға салмайды.
Олар, Алланың нұрын өшіруді қалайды. Кәпірлер жек көрсе де Алла нұрын тамамдайды.
Ол сондай Алла, мүшріктер жек көрсе де дінін бүкіл діндерге үстем қылу үшін Елшісін туралықпен хақ дінмен жіберді.
Әй мүміндер! Сендерге жан түршігерлік азаптан құтқаратын бір сауда көрсетейін бе?
Аллаға, Елшісіне иман келтіресіңдер; малдарыңмен, жандарыңмен Алла жолында күресесіңдер. Егер білетін болсаңдар, осыларың сендер үшін хайырлы.
Күнәларыңды жарылқайды. Сендерге астарынан өзендер ағатын бейіштерге; Ғадын жаннаттарындағы орындарға кіргізеді. Зор табыс осы.
Тағы басқа сендер жақсы көретін бір нәрсе бар: Алла жақтан бір көмек және жақын бір жеңіс бар. (Мұхаммед Ғ.С.) мүміндерді қуандыр.
Әй мүміндер! Алланың (дінінің) көмекшілері болыңдар. Мәрйем ұлы Ғиса (Ғ.С.) ның хауариларға: "Алла жаққа көмекшілерім кім?',- дегенде, хауарилардың: "Аллаға біз көмекшіміз" дегендеріндей. Сонда Израил ұрпақтарының бір тобы иман келтіріп, бір тобы қарсы шықты. Иман келтіргендерді, дұшпандарына қарсы қолдадық. Сондай-ақ олар, дұшпандарына үстем болды.