ترجمة سورة المائدة

الترجمة الكازاخية - جمعية خليفة ألطاي
ترجمة معاني سورة المائدة باللغة الكازاخية من كتاب الترجمة الكازاخية - جمعية خليفة ألطاي .
من تأليف: جمعية خليفة الطاي الخيرية .

Ей, иманға келгендер! Келісімдерді толық орындаңдар. Сендерге өздеріңе тыйымы оқылатыннан басқа шаруа малдары рұқсат етілді. Бірақ ихрамда болған кездеріңде, аңшылыққа рұқсат етілмейді. Ақиқатында Аллаһ қалағанын үкім етеді.
Ей, иманға келгендер! Аллаһтың белгілеген / хаж / рәсімдеріне, тыйым салынған айға, құрбандық малдарына, алқа тағылғандарға / құрбандық малдарға / және тыйым салынған Үйге / Қағбаға / Раббысынан кеңшілік әрі ризалық іздеп келушілерге қатысты / тыйымдарды / өздеріңе рұқсат етілген етіп алмандар / тыйымдарды бұзбаңдар /. Қашан ихрамнан шықсаңдар, аң аулай беріңдер. Әл- Харам мешітінен тосқаны үшін бір қауымды жек көрулерің, сендерді қылмысқа итермелеп, шектен шығармасын. Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтануда / көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта көмектеспеңдер. Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар! Ақиқатында, Аллаһ - қатты азап Иесі.
Сендерге өлексе, қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаға арналып шалынған, буынып өлген, ұрылып өлген, құлап өлген, сүзіліп өлген малдар және жыртқыштар жеп кеткен малдар тыйым етілді. Бірақ / жаны шықпай / бауыздап алғандарың / рұқсат етіледі /. Сондай-ақ / Аллаһтан басқағақұрбандық шалу үшін / орнатылған тастар үстінде сойылған малдар және жебелермен бал ашуларың да / тыйым салынды /. Бұлай істеу - бұзықтық / бойсұнбаушылық /. Бүгін сондай күпірлік еткендер / иманға келмегендер / сендердің діндеріңнен күдерін үзді. Олардан қорықпаңдар, Менен қорқыңдар. Бүгін сендерге діндеріңді толық еттім және игілігімді соңына жеткіздім. Әрі сендерге Ислам дінімен риза болдым / Исламды дін ретінде қош көрдім /. Кім аштық кезінде күнәға көңілі аумай / тыйым салынған нәрселерді жеуге / мәжбүр болса, ақиқатында, Аллаһ - өте Кешірімді, ерекше Мейірімді.
Ей, Мұхаммед! / Олар сенен өздеріне не рұқсат етілгені жайлы сұрайды. Айт:«Сендерге жақсы нәрселер рұқсат етілді әрі Аллаһтың өздеріңе үйреткені бойынша, үйреткендеріңнің аулағаны да. Олардың өздеріңе ұстап бергенінен жендер әрі оған / аңшы ит не құсты салғанда / Аллаһтың есімін атаңдар», - деп айт. Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар, ақиқатында Аллаһ есепте өте жылдам.
Бүгін сендерге жақсы нәрселер рұқсат етілді. Сондай-ақ, Кітап берілгендердің тағамы / бауыздаған малы / сендер үшін рұқсат етілген әрі сендердің тағамдарыңды Оларға / беруге / рұқсат етілген. Сондай-ақ имандылардан / мүміндерден /әйелдік пәктігін сақтайтын әйелдерге және сендерден бұрын Кітап берілгендердің ішінен әйелдік пәктігін сақтайтын әйелдерге мәһрлерін берсеңдер, өздеріңнің еркектік адалдықтарыңды сақтаған түрде ойнастық жасамай, көңілдес ұстамасаңдар / үйленулеріңе рұқсат етілді /. Кім иманға күпірлік етсе / иман шарттарын теріске шығарса / ақиқатында, оның амалы зая болып, соңғы, мәңгілік өмірде / ақиретте / зиян шегушілерден болады.
Ей, иманға келгендер! Қашан намазға тұратын болсаңдар, беттеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар, бастарыңа мәсих тартыңдар / сұлы қолмен сипаңдар / әрі аяқтарыңды тобықтарға дейін / жуыңдар /. Егер жүніп болсаңдар, тазаланыңдар /ғұсыл құйыныңдар /. Ал, егер науқас не сапарда болсаңдар, не сендерден біреу дәретке отырып келсе немесе әйелдеріңе жақындасқан болсаңдар, сонда су таба алмасаңдар, таза топыраққа тәяммум соғып / алақандарыңды ұрып / , онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар. Аллаһ сендерге ауыртпашылықты қаламайды, Ол сендердің шүкір етулерің / Оның берген игіліктеріне алғыс білдірулерің / үшін сендерді тазартуды әрі сендерге деген игілігін соңына жеткізуді қалайды.
Әрі Аллаһтың сендерге берген игілігін және: «Естідік, бойсұндық», - деп айтқан кездеріңде, Оның өздеріңмен бекіткен сертін еске алыңдар. Тақуа болыңдар / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтаныңдар /. Ақиқатында, Аллаһ - кеуделердегіні / жүректердегіні / жақсы Білуші.
Ей, иманға келгендер! куәлік еткендеріңде, әділдікпен Аллаһ үшін мықты тұрыңдар. Бір адамдарды жек көрулерің сендерді әділетсіздік етуге итермелемесін. Әділдік істеңдер. бұл тақуалыққа / Аллаһтың тыйғандарынан қорқып, сақтануға / ең жақыны. Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар! Ақиқатында, Аллаһ - не істеп жатқандарыңнан Хабардар.
Аллаһ иманға келген және ізгі амал жасағандарға кешірім және ірі сый / жәннат / болатынын уәде етті.
Ал, күпірлік етіп / иманды теріске шығарып / , Біздің аяттарымызды өтірік санағандар - міне солар Жахимда (тозақ) болатындар.
Ей, иманға келгендер! Бір ел сен­дерге / жамандықпен / қолдарын созуды ойластырған кезде, Аллаһтың сендерден олардың қолдарын қайтарып, өздеріңе көрсеткен игілігін еске алыңдар. Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар/ ! Имандылар / мүміндер / тек Аллаһқа жүгініп, Оған істерін тапсырсын / тәуекел етсін /.
Ақиқатында, Аллаһ Исраил ұрпақтарынан серт алды әрі олардың ішінен он екі / тайпа / басшысын жібердік. Аллаһ: «Ақиқатында, Мен сендермен біргемін. Егер намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле / толық орындасаңдар, зекетті берсендер, елшілеріме сеніп, Оларға көмектессеңдер әрі Аллаһқа көркем қарыз берсендер, міндетті түрде жаман істеріңді өшіріп, сендерді асты­нан өзендер ағып жататын / Жәннаттағы / бақтарға кіргіземін. Сендерден кім осыдан кейін де күпірлік етсе / қарсы келсе / , негізінде ол тура жолдан адасқан болады», - деді.
Сонда серттерін бұзғандары үшін оларды лағнет еттік әрі жүректерін қатты етіп қойдық. Олар / Тәураттағы / сөзді өз орындарынан өзгертіп, өздеріне ескертілгеннің бір бөлігін ұмытты. Сен олардың өте азынан басқасының қиянаткерліктерін әрқашан көресің. Дегенмен / ренжітулерін елемей / кешір әрі кең бол. Ақиқатында, Аллаһ жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көреді.
Сондай-ақ: «Біз - христианбыз», - деп айтқандардың да сертін алған едік. Олар да өздеріне ескертілгеннің бір бөлігін ұмытты. Сонда олардың араларына Қайта тірілу күніне дейін дұшпандық пен жек көрушілік салдық. Жақын арада Аллаһ Оларға не істегендерін хабарлайды.
Ей, Кітап берілген қауым! Ақиқатында сендерге Біздің Елшіміз келді. Ол / Елші / Кітаптан сендер жасырып келгендеріңнің көбін өздеріңе түсіндіреді әрі көбісін елеусіз қалдырады. Негізінде сендерге Аллаһтан нұр, анық Кітап / Құран / келді.
Аллаһ онымен / Құранмен / Өзінің ризалығын іздегендерді амандық жолдарына салады және оларды Өз рұқсатымен қараңғылықтардан жарыққа шығарады және тура жолмен жүргізеді.
Ақиқатында, «Аллаһ, ол - Мәриям ұлы Мәсих», - деп айтқандар кәпір бол­ды. / Ей, Мұхаммед! / Айт: «Егер Аллаһ Мәриям ұлы Мәсихті әрі оның анасын және жер жүзіндегілердің барлығын жойып жіберуді қаласа, Аллаһтан болған нәрсеге / азапқа / кім иелік ете алады?!» - деп. Аспандар мен жердің және ол екеуінің арасындағылардың билігі Аллаһта. Ол қалағанын жаратады әрі Аллаһ барлық нәрсені Жасай алушы.
Әрі иудейлер мен христиандар: «Біз - Аллаһтың ұлдарымыз және Оның сүйіктілеріміз», - деді. / Ей, Мұхаммед! / Айт: «Олай болса, Ол неге сендерді күнәларың үшін азаптайды? Керісінше, сендер Ол жаратқан / өзгелер секілді / адамсыңдар. Ол қалағанын кешіріп, қалағанын азаптайды. Аспандар мен жердің және ол екеуінің арасындағылардың билігі Аллаһта әрі қайту да - Оған.
Ей, Кітап берілген қауым! Ақиқатында, сендерге елшілердің келуінің арасы үзілген кезде: «Бізге қуанышты хабар жеткізуші және ескертуші ешкім келмеді», - деп айтпауларың үшін сендерге түсіндіріп беруші Елшіміз / Мұхаммед! келді. Шын мәнінде, сендерге қуанышты хабар жеткізуші әрі ескертуші келді! Аллаһ барлық нәрсені Жасай алушы.
Кезінде Мұса өз еліне: «Әй, елім! Аллаһтың сендерге берген игілігін еске алыңдар. Ол сендердің араларыңа пайғамбарлар бекітті, сендерді / құлдықтан құтқарып / , патша / өз-өздерін еркін басқарушы / етті әрі әлемдерде ешкімге бермегенін сендерге берді.
Әй, елім! Аллаһтың сендерге жазған қасиетті жеріне кіріңдер де арттарыңа қайтпаңдар, әйтпесе зиян шегушілерден боласыңдар», - деді.
Олар: «Ей, Мұса! Онда қуатты бір ел бар. Солар ол жерден шықпайынша, біз ол жерге
мүлдем кірмейміз. Олар сол жерден шығып кетсе ғана кіреміз», - деді.
Аллаһтан қорыққандардан болған, өздерін Аллаһ игілікке бөлеген екі кісі: «Оларға қақпадан кіріндер! Қашан оған кірсеңдер, әлбетте жеңіске жетесіңдер. Егер иманды / мүмін / болсаңдар, Аллаһқа жүгініп, Оған істерінді тапсырыңдар / тәуекел етіңдер / 1» - деді.
Олар / :«Ей, Мұса! Олар ол жерде тұрғанда біз оған ешқашан кірмейміз. Сен және Раббың барып екеуің соғысыңдар. Ал біз, осында отыра тұрамыз», - деді.
Мұса / :«Раббым! Анығында мен өзімнен және бауырымнан басқаға иелік ете алмаймын. Біз бен бұзық / бойсұнбаушы / адамдардың арасын ажырата гөр!» - деді.
Аллаһ / :«Енді ол / сол қасиетті жер / оларға қырық жылға тыйым салынды. Олар жер бетінде қаңғырып жүреді. Сондықтан бұзық адамдар үшін күйінбе», - деді.
Ей, Мұхаммед!! Оларға Адамның екі ұлының хабарын ақиқатпен оқып бер. Сол кезде ол екеуі Аллаһқа жақындау үшін беретіндерін / құрбандықтарын / ұсынды. Сонда олардың бірінен қабыл етіліп, екіншісінен қабыл етілмеді. / Қабыл етілмегені / :«Мен сені міндетті түрде өлтіремін», - деді. / Қабыл етілгені / :«Шын мәнінде, Аллаһ тақуалардан / Раббысың жазасынан қорқып, сақтанушылардан / ғана қабыл етеді.
Егер де сен мені өлтіру үшін қолыңды созсаң да / көтерсең де / , мен сені өлтіру үшін қолымды созбаймын / көтермеймін /. Анығында, мен әлемдердің Раббысы Аллаһ­тан қорқамын.
Мен сенің, маған қарсы жасаған күнәңді және өз күнәңді көтеріп, оттағылардан / тозақтағылардан / болуыңды қалаймын», - деді. бұл - әділетсіздердің жазасы.
Сол кезде оның / құрбандығықабыл етілмегенінің / жаны оған өз бауырын өлтіруге итермелеп, ол оны өлтірді де зиян шегушілерден болды.
Сонда Аллаһ оған бауырының мүрдесін қалай жасыруды көрсету үшін жер қазған бір қарға жіберді. Ол: «Қап, мен бауырымның мүрдесін жасыру үшін мына қарға құрлы бола алмадым ба?» - деп, өкінушілерден болды.
Осы себептен Исраил ұрпақтарына: «Кім кісі өлтірмеген не жер бетінде бұзғыншылық жасамаған бір адамды өлтірсе, шын мәнінде, ол адамдардың барлығын өлтіргендей болады, ал кім оны / бір адам­ды / тірілтсе / тірі қалуына септігі тисе / , адамдардың барлығын тірілткендей бола­ды», - деп жаздық. Ақиқатында оларға елшілеріміз анық дәлелдермен келді. Содан кейін де олардың көбісі жер жүзінде шектен шығады.
Ақиқатында, Аллаһқа және Оның Елшісіне қарсы соғысатындардың әрі жер бетінде бұзу-бүлдірушілік жасауға ұмтылатындардың жазасы - олардың өлтірілуі не керіп тасталуы, не қол-аяқтарының қиғашталып / оң қол мен сол аяқ, сол қол мен оң аяқ / кесілуі немесе жер айдалуы. Бұл - олар үшін осы өмірдегі қорлық. Ал, соңғы, мәңгілік өмірде / ақиретте! оларға өте үлкен азап бар.
Бірақ, сендер олардан үстем болғанға дейін істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаһқа бойсұнуға қайтқандар / mәyбеге келгендер / басқа. Аллаһтың өте Кешірімді, ерекше Мейірімді екенін біліңдер.
Ей, иманға келгендер! Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар / , Оған жақындауды іздеңдер әрі мұраттарыңа жету үшін Оның жолында күресіңдер.
Ақиқатында, сондай күпірлік еткендер / Аллаһқа сенбегендер, қарсы шыққандар / , егер жер жүзіндегі барлық нәрсе және сонымен бірге тағы да сонша нәрселер өздерінде болып, оны Қиямет күнінің азабынан құтылу үшін төлемге берсе де олардан қабыл етілмес еді. Әрі оларға күйзелтуші азап бар.
Олар Оттан / тозақтан / шығуды қалағанымен, одан шыға алмайды. Сондай-ақ, олар үшін тұрақты азап бар.
Еркек ұры және әйел ұрының қылмыстарына сай қайтарым жаза және Аллаһ­тан ескерту ретінде қолдарын кесіңдер. Аллаһ - бәрінен Үстем, аса Дана.
Кім әділетсіздік істегеннен кейін істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаһқа бойсұнуға қайтып / тәубеге келіп / , түзетсе, әлбетте, Аллаһ оныңтәубесін қабыл етеді. Аллаһ - өте Кешірімді / Ғафур / , ерекше Мейірімді / Рахим /.
Аспандардың және жердің билігі Аллаһтікі екенін білмедің бе? Ол қалағанын азаптап, қалағанын кешіреді. Әрі Аллаһ - барлық нәрсені Жасай алушы.
Ей, Елші! Тілдерімен «Біз иманға келдік» деп айтқандарымен, жүректері сенбейтіндерден / мұнафиқтардан / күпірлікке / имансыздыққа! ұмтылғандар сені қайғыртпасын. Әрі иудейлерден де. Олар - өтірікті тыңдаушылар әрі олар саған келмеген / сені тыңдамаған! басқа адамдарды тыңдаушылар. Олар сөзді өз орындарынан өзгертеді де: «Егер сендерге осы берілсе - алыңдар, ал егер берілмесе - сақтаныңдар», - дейді. Аллаһ кімнің бүлікке түсуін қаласа, сен ол үшін Аллаһтан болған нәрсеге иелік ете алмайсың. Міне, Аллаһ жүректерін тазартуды қаламағандар - осылар. Олар үшін осы өмірде қорлық бар. Әрі оларға соңғы, мәңгілік өмірде / ақиретте / өте үлкен азап бар.
Олар - өтірікті тыңдаушылар, тыйым салынған / харам / нәрселерді жеушілер. / Ей, Мұхаммед! / Егер олар алдыңа келсе, олардың арасына үкім айт немесе олардан бет бұр. Егер олардан бет бұрсаң, олар саған ешбір нәрседе зиян тигізе алмайды. Ал, егер үкім ететін болсаң, олардың арасына туралықпен үкім ет. Ақиқатында, Аллаһ туралық етушілерді жақсы көреді.
Ішінде Аллаһтың үкімі бар Тәурат өздерінде бола тұрып, олар сені үкім беруші етіп алып, содан кейін қалай бет бұрып кетеді? Әрі, олар имандылар / мүмін / емес.
Ақиқатында, Біз Тәуратты түсірдік. Онда тура жол және нұр бар. Аллаһқа бойсұнған / Мұсылман / пайғамбарлар иудейлерге онымен үкім етеді. Сондай-ақ, Аллаһтың Кітабынан өздеріне сақтау міндеті жүктелген иудейлердің ғибадатшыл ұстаздары мен дін ғалымдары да / Аллаһтың Кітабы бойынша үкім айтты / әрі олар оған / Кітаптың ақиқатына / куә болды. Сендер адамдардан қорықпаңдар, Менен қорқыңдар және аяттарымның орнына аз бағаны / бұл дүниелікті / сатып алмандар! Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар - кәпірлер.
Біз Оларға / Тәуратта / :«Жанға жан, көзге көз, мұрынға мұрын, құлаққа құ­лақ, тіске тіс және жарақаттар үшін кек алу - міндет», - деп жаздық. Алайда, кім оны / кек алуды / кешіп, қайыр жасаса, бұл ол / қылмыскер / үшін қылмысына өтем болады. Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар - әділетсіздер.
Олардың / пайғамбарлардың / соңынан өзінің алдындағы Тәураттың шын екендігін айтушы етіп, Мәриям ұлы Исаны жібердік. Әрі оған тура жол мен нұр болған, өзінен алдыңғы Тәураттағыны растаушы және тақуалар / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтанушылар / үшін жолбасшы / тура жолды ұстануға басшылық / әрі насихат ретінде Інжілді бердік.
Інжіл берілген қауым Аллаһтың ондағы түсіргенімен үкім етсін! Кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне солар - бұзықтар / бойсұнбаушылар /.
Ей, Мұхаммед! / Біз саған Кітапты / Құранды / ақиқатпен, өзінен алдыңғы кітаптарды растаушы әрі оларға куәлік етуші ретінде түсірдік. Енді олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім ет. Өзіңе келген ақиқаттан ауытқып, олардың көңіл құмарлығына ерме. Сендерден әрбір / үммет / үшін шариғат және жол белгіледік. Аллаһ қалағанда, сендерді бір үммет етер еді. Бірақ Ол сендерді Өзінің берген нәрселерінде сынамақшы. Сондықтан қайырлы істерде алдында болуға ұмтылыңдар / жақсылықтарға жарысыңдар / ! Барлығың Аллаһқа қайтасыңдар. Сонда Ол сендердің қайшылыққа түскен нәрселеріңнің хабарын береді.
Олардың араларына Аллаһтың түсіргенімен үкім етіп, олардың көңіл құмарлығына ерме. Әрі Аллаһтың өзіңе түсіргенінің кейбіріне қатысты, олардың сені бүлікке салуынан сақ бол! Егер олар / сен шығарған үкімнен / бет бұрса, біл, шын мәнінде, Аллаһ оларды кейбір күнәлары себебінен пәлекетке ұшыратуды қалайды. Негізінде, адамдардың көбі - бұзықтар / бойсұнбаушылар /.
Олар жәһилияттың / исламға дейінгі кезеңнің / үкімін іздей ме? Анық сенетін адамдар үшін Аллаһтан жақсы үкім беретін кім бар?
Ей, иманға келгендер!Иудейлерді және христиандарды қамқоршы, дос тұтпаңдар! Олар бір-біріне дос. Сендерден кім оларды қамқоршы, дос тұтса, ол шын мәнінде солардан болады. Ақиқатында, Аллаһ әділетсіз адамдарды тура жолмен жүргізбейді.
Жүректерінде дерті болғандардың оларға ынтығып: «Біз / жамандықтың / басымызға қайта айналып келуінен қорқамыз», - деп айтатынын көресің. Аллаһ / имандыларға / жеңіс берер не бір іс / жағдай / берер, сонда олар іштерінде жасырғандарына өкінеді.
Сонда имандылар / мүміндер бір-біріне / :«Өздерінің сендермен бірге екеніне барын салып, Аллаһпен ант ішетіндер осылар ма?» - дейді. Олардың амалдары зая кетіп, зиян шегушілерден болды.
Ей, иманға келгендер! Сендерден кім дінінен қайтса, онда Аллаһ жақында, Өзі оларды жақсы көретін және олар да Оны жақсы көретін адамдарды әкеледі. Олар имандыларға / мүміндерге / ізетті, кішіпейіл, кәпірлерге қатты. Аллаһ жолында күреседі және жазғырушының жазғыруынан қорықпайды. Міне, осы - Аллаһтың кеңшілігі. Оны қалағанына береді. Аллаһ - мейірімі Кең, бәрін Білуші.
Шын мәнінде, сендердің қамқоршыларың - Аллаһ және Оның Елшісі әрі иманға келгендер. Солар намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле! толық орындайтын және зекетті беретін әрі солар - / Раббысына беріле / рүкуғта иілетіндер.
Аллаһты және Оның Елшісі мен иманға келгендерді қамқоршы, дос тұтқандар - Аллаһтың жақтастары. Міне, солар - сөзсіз жеңіске жетушілер.
Ей, иманға келгендер! Сендерден алдын Кітап берілгендерден діндеріңді келеке және ермек етіп алғандарды әрі кәпірлерді қамқоршы, дос тұтпаңдар. Егер имандылардан / мүміндерден / болсаңдар, Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар /.
Әрі қашан намазға шақырсаңдар, олар оны мазақ және ермек етеді. Себебі олар - ақылдарын істетпейтін / ұғынбайтын / адам­дар.
Ей, Мұхаммед! / Айт: «Ей, Кітап берілген қауым! Сендер бізді Аллаһқа сенгеніміз және өзімізге түсірілгенге / Құранға / әрі ілгеріде түсірілгенге / кітаптарға / сенгеніміз үшін айыптайсыңдар ма? Анығында, сендердің көбің бұзықсыңдар / бойсұнбайсыңдар / ?» - деп.
Айт: «Сендерге, Аллаһтың алдында «сый» / қайтарым жаза / ретінде бұдан да жаман болатынның хабарын берейін бе? / Олар / - Аллаһтың лағнетіне әрі ашуына ұшырағандар және Ол олардың кейбірін маймылдар мен доңыздарға айналдырғандар әрі олар тағұтқа / Аллаһтан басқаға / табынғандар. Міне, солардың орны өте жаман. Әрі олар - тура жолдан қатты адасқандар», - деп.
Ал қашан олар сендерге келсе: «Иманға келдік», - дейді. Негізінде, олар / дінге / күпірлікпен / сенбеген күйде / кіріп және сонымен шықты. Аллаһ олардың жасырғандарын жақсы біледі.
Сен олардың көбінің күнә істеуде, дұшпандық жасауда және тыйым салынған нәрселерді жеуде бір-бірінен асыққанын көресің. Олардың істегендері қандай жаман!
Олардың ғибадатшыл ұстаздары мен дін ғалымдары, / оларды / күнәлі сөздері мен тыйым салынғандарды жеуінен неге қайтармайды?! Олардың жасағандары өте жаман!
Иудейлер: «Аллаһтың қолы байлаулы / тар / », - деді. Олардың өздерінің қолдары байлаулы / сараң / , олар айтқан сөздері үшін лағнетке ұшырады. Жоқ, олай емес, Оның екі қолы да ашық, Ол қалағанынша жұмсайды. / Ей, Мұхаммед! / саған Раббыңнан түсірілген / Құран / олардың көбінің шектен шығуы мен күпірлігін / имансыздығын / арттыра түседі. Біз олардың арасына Қиямет күніне дейін дұшпандық пен жек көрушілік салдық. Олар әркез соғыс өртін жаққан сайын, Аллаһ оны өшіреді. Олар жер бетінде бұзу-бүлдірушілік жасауға ұмтылады. Аллаһ бұзу-бүлдірушілік істеушілерді жақсы көрмейді.
Егер де Кітап түсірілгендер иманға келгенде және тақуалық еткендерінде / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтанғандарында / , Біз сөзсіз олардың жамандықтарын өшіріп, міндетті түрде Нәъим жәннаттарына кіргізер едік.
Егер олар / өз уақытында / Тәурат пен Інжілді әрі олардың Раббысы тарапынан өздеріне түсірілгенді орындағанда, төбелерінен және аяқтарының астынан / берілген ризықтарды / жеген болар еді. Олардың арасында орташа бір топ бар. Алайда олардың көбінің істейтін істері өте жаман.
Ей, Елші! Өзіңе Раббыңнан түсірілгенді жеткіз. Егер / олай / істемесең, Оның жібергенін жеткізбеген боласың. Аллаһ сені адамдардан қорғайды. Ақиқатында, Аллаһ кәпірлерді тура жолға салмайды.
Ей, Мұхаммед! / Айт: «Ей, Кітап берілген қауым! Сендер Тәурат пен Інжілді және өздеріңе Раббыңыздан түсірілгенді / Құранды / орындамайынша, ешқандай нәрсенің / хақ нәрсенің / үстінде емессіңдер», - деп. Саған Раббыңнан түсірілген / Құран / олардың көбінің шектен шығуы мен күпірлігін / имансыздығын / арттыра түседі. Сондықтан кәпірлер үшін күйінбе.
Ақиқатында, иманға келгендерге / Мұсылмандарға / , сондай-ақ / Мұхаммед пайғамбарға дейінгі! иудей, христиан және сабийлерден Аллаһқа әрі Ақирет күніне сеніп, ізгі амал жасағандарға ешбір қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды.
Ақиқатында, Біз Исраил ұрпақтарының сертін алдық әрі оларға елшілер жібердік. Әркез оларға қандай да бір Елші, көңілдері қаламаған нәрсені келтірген сайын, олар / елшілердің / бір бөлімін өтірікке шығарып, бір бөлімін өлтіретін еді.
Әрі олар ешқандай сынақ болмайды деп есептегендіктен, соқыр әрі саңырау болып алды. Содан кейін Аллаһ олардың істеген күнәсіне өкініп, Өзіне бойсұнуға қайтуын / тәубесін / қабыл етті. Содан кейін де олардың көбі / ақиқатқа / соқыр әрі саңырау болды. Аллаһ - олардың не істеп жатқанын Көруші.
Анығында: «Аллаһ - Мәриям ұлы Мәсих», - деп айтқандар, кәпір болды. Ақиқатында, Мәсих: «Ей, Исраил ұрпақтары! Менің Раббым әрі сендердің Раббың - Аллаһқа құлшылық қылыңдар! Өйткені, кім Аллаһқа бір нәрсені серік етіп қосса, Аллаһ оған Жәннатты тыйым / етіп / салып, оның тұрағы От / тозақ / болады. Әділетсіздерге ешбір жәрдемші жоқ», - деп айтты.
Шын мәнінде: «Аллаһ - үштіктің үшіншісі», - дегендер күпірлік етті / Аллаһтың бірлігін теріске шығарды /. Жалғыз құдайдан / Аллаһтан / басқа құдай жоқ. Егер олар айтқандарынан қайтпаса, олардан күпірлік еткендерге / Аллаһқа қарсы келгендерге / , міндетті түрде күйзелтуші азап тиеді.
Олар істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаһқа бойсұнуға қайтып / тәубе етіп / және Одан кешірім тілемей ме? Аллаһ - өте Кешірімді, ерекше Мейірімді.
Мәриям ұлы Мәсих - бір Елші ғана. Негізінде, одан бұрын да елшілер өткен. Ал, оның анасы шыншыл еді. Екеуі де тамақ жейтін еді. Біз оларға аяттарды қалай анық баян еткенімізге қара да, кейін олардың қайда бұрылып бара жатқандарына назар сал!
Ей, Мұхаммед! / Айт / серік қосушыларға / :«Сендер Аллаһты қойып, өздеріңе зиян жеткізуге, не пайда келтіруге шамасы жоқ нәрсеге табынасыңдар ма?» - деп. Аллаһ - бәрін Естуші , бәрін Білуші.
Ей, Мұхаммед! / Айт: «Ей, Кітап берілген қауым! Діндеріңде ақиқаттан аттап, артық кетпендер және өздері бұрын адасып әрі көпшілікті адастырған, сондай-ақ тура жолдан ауытқыған адамдардың құмарлықтарына ермеңдер», - деп.
Исраил ұрпақтарынан күпірлік еткендерге / Аллаһқа қарсы келгендерге / , Дәуіттің және Мәриям ұлы Исаның тілімен лағнет / қарғыс / айтылды. Бұл олардың бойсұнбағандықтары әрі шектен шығуларының себебінен.
Олар бір-бірін теріс істерінен қайтармайтын еді. Олардың істегендері өте жаман.
Сен олардың / иудейлердің / көбінің күпірлік етушілерді / Аллаһқа серік қосушыларды / дос, жақтас тұтатынын көресің. Олардың өздері үшін алдын ала дайындағаны өте жаман, Аллаһ оларға сол үшін ашуланды әрі олар азапта мәңгі қалады.
Егер де олар Аллаһқа және Пайғамбар мен оған түсірілгенге / Құранға / сенгенде, оларды дос, жақтас тұтпас еді. Алайда, олардың көбі - бұзықтар.
Ей, Мұхаммед! / , сен анығында, иманға келгендерге дұшпандық етуде адамдардың ішіндегі ең қаттысы - иудейлер мен мүшріктер / Аллаһқа серік қосушылар / екенін көресің. Ал, иманға келгендерге сүйіспеншілікте ең жақыны, олардың: «Біз насаралармыз / христианбыз / », - дейтіндер екенін көресің. бұл - олардың ішінде қиссистері / дін ғалымдары / және рухбандары / тәркі дүниелік ғибадатшылдары / болғандығы әрі олардың астамсынбаулары себебінен.
Олар / христиандар / Елшіге түсірілгенді / Құранды / тыңдаған кезде, шындықты танып, көздерінің жасқа толғанын көресің. Олар: «Раббымыз! Сендік, бізді куә болушылар қатарында жаза гөр!
Раббымыздың бізді ізгі адамдармен бірге етуін қалайтын болсақ, Аллаһқа сенбейтіндей және өзімізге келген ақиқатқа сенбейтіндей бізге не болды?» - дейді.
Сонда Аллаһ оларды айтқан сөздері үшін - астынан өзендер ағып жататын / Жәннаттағы / бақтармен марапаттады, олар - онда мәңгі қалушы. жақсылықты ықыласпен істеушілердің қайтарым сыйы, міне - осы.
Ал, сондай күпірлік еткендер / қарсы келгендер / әрі аяттарымызды өтірікке шығарғандар болса, олар - Жахимда (тозақ) болатындар.
Ей, иманға келгендер! Аллаһ рұқсат берген / халал / жақсы нәрселерге тыйым салмаңдар әрі шектен шықпаңдар. Ақиқатында, Аллаһ шектен шығушыларды жақсы көрмейді.
Аллаһ сендерге рұқсат / халал / етіп, жақсы етіп берген ризықтарынан жеңдер. Әрі өздерің сенген Аллаһтан / Оның тыйғандарынан! қорқып, сақтаныңдар.
Аллаһ анттарыңдағы бос сөздер үшін сендерді жазаға тартпайды. Бірақ, Ол сендерді бекіткен анттарың үшін жазаға тартады. / Анттарыңды бұзғанжағдайда / оның өтемі / кәффәраты / - үй іштеріңді тамақтандыратын орташа есеппен он кедейді тамақтандыру не оларды киіндіру немесе бір құл азат ету. Кім / мұны / таппаса, үш күн ораза тұтады. Ант ішсеңдер, анттарыңның өтемі / кәффәраты / - осы. Анттарыңды сақтаңдар. Аллаһ сендерге шүкір етулерің / берген игіліктеріне алғыс білдірулерің / үшін аяттарын осылай анық баян етеді.
Ей, иманға келгендер! Анығында мас қылатын ішімдіктер / хамр / және құмар ойындары / майсир / әрі табыну үшін қойылған нәрселер / ансаб / және бал ашатын таяқшалар / әзләм / - жиіркенішті нәрселер, шайтанның ісінен. мұраттарыңа жету үшін оған жоламаңдар.
Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы, араларыңа дұшпандық пен жек көрушілік салып, сендерді Аллаһты еске алудан және намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле / толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?!
Аллаһқа бойсұныңдар және Елшіге бағыныңдар әрі сақ болыңдар. Егер бет бұрсаңдар, біліңдер, Біздің Елшімізге - анық түрде жеткізу ғана міндет.
Иманға келген және ізгі амал жасағандарға жеген нәрселерінде күнә жоқ, егер, қашан олар тақуалық етсе / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтанса! және сеніп, ізгі амал істесе содан кейін де тақуалық етсе / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтанса / және сеніп, одан кейін және тақуалық етсе / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтанса / әрі жақсылық істесе. Аллаһ жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көреді.
Ей, иманға келгендер! Аллаһ кім Өзінен ғайып түрде / Өзін көрмей-ақ / қорқатынын анықтау үшін - Аллаһ сендерді / ихрамда болғандарыңда / аңшылық олжаға қатысты бір нәрсемен сынайды. Кім осыдан кейін шектен шықса, оған күйзелтуші азап бар.
Ей, иманға келгендер! Ихрамда болған кездеріңде аңдарды өлтірмеңдер. Сендерден кім оны әдейілеп өлтірсе, оның жазасы / өтемі / - өлтіргеніндей бір мал. Ол туралы сендерден екі әділ кісі Қағбаға жеткізілетін құрбандық ретінде үкім береді. Немесе ісінің жазасын тартуы үшін оның кәффәраты / күнәсінің өтемі / - кедейлерді тамақтандыру не оның орнына ораза ұстауы. Аллаһ өткенді кешірді. Ал кім / осы істерге / қайтса, Аллаһ оны жазалайды. Аллаһ - бәрінен Үстем, жазалау күшіне Ие.
Сендерге / жергіліктілерге / және жолаушыларға пайдалануларың үшін / ихрам кезінде / теңіз аңы мен тағамдары рұқсат етілді. Ал, құрлықтағы аң ихрамда болған кездеріңде, сендерге тыйым салынды. Өздерің алдына жиналатын Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар.
Аллаһ тыйым салынған үй - Қағбаны адамдар үшін тірек етті, сондай-ақ тыйым салынған айды және құрбандыққа әкеле жатқан және алқа тағылған / белгіленген / құрбандық малдарды да. бұл - Аллаһтың аспандардағы және жердегілердің бәрін білетіндігін әрі Аллаһтың барлық нәрсені Білуші екендігін білулерің үшін.
Біліңдер, күмәнсіз, Аллаһ жазалауда қатты және шын мәнінде, Аллаһ - өте Кешірімді, ерекше Мейірімді.
Елшінің міндеті - жеткізу ғана. Аллаһ сендердің әшкере жасағандарыңды және жасырғандарыңды біледі.
Ей, Мұхаммед! / Айт: «Сені жаман нәрсенің көптігі таңырқатса да, жаман мен жақсы бірдей болмайды», - деп. Ей, ақыл иелері! Бақытқа жету үшін Аллаһтан / Оның жазасынан / қорқып, сақтаныңдар /.
Ей, иманға келгендер! Анықталған кезде, сендерді қапаландыратын нәрселер жайлы сұрамаңдар. Құран түсіріліп жатқан кезде олар жайлы сұрасаңдар, олар сендерге ашылып / айқын болып / қалады. Аллаһ оны / сұраған нәрселеріңді / кешірді. Аллаһ - өте Кешірімді , аса Жұмсақ.
Негізінде, сендерден бұрынғы бір қауым олар жайлы / өз елшілерінен / сұрап, сонан кейін / оны орындамай / , кәпірлерден болды.
Аллаһ «бахира», «саиба», «уәсила» және «хамға» / ырымдалған түйелерге / қатысты еш нұсқау бермеді. Бірақ, сондай күпірлік етушілер / Аллаһқа серік қосушылар / Аллаһқа қатысты өтірікті құрастырады. Олардың көбі ақылдарын істетпейді.
Қашан оларға: «Аллаһтың түсіргеніне / Құранға / және Елшіге келіндер», - делінсе, олар:«Аталарымызды неде / қай сенім-нанымда / тапсақ, бізге сол жетеді», - дейді.Сонда, егер аталары еш нәрсені білмеген және тура жолды таппаған болса да ма?
Ей, иманға келгендер! Сендер өздеріңді-өздерің / қолға алып / түзелтіңдер. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқандар сендерге зиян тигізе алмайды. Барлығың Аллаһқа қайтасыңдар. Сонда Ол сендерге не істегендеріңнің хабарын береді.
Ей, иманға келгендер! Біреуіңе өлім келіп, бір нәрсені өсиет етіп қалдырған кезде, өздеріңнен болған екі әділ кісі немесе жер бетінде сапар шегіп жүргендеріңде өлім ауыртпашылығы келсе, өздеріңнен басқалардан екі куә араларында куәгер болсын. Егер күмәндансаңдар, оларды намаздан кейін тоқтатып, екеуі: «Егер жақынымыз болса да антымызды ешбір бағаға сатпаймыз әрі Аллаһтың куәлігін жасырмаймыз, олай етсек, әлбетте күнәһарлардан боламыз», - деп Аллаһпен ант етсін.
Егер ол екеуінің күнәһар екендіктері анықталса, онда құқығы барлардан өзге екі жақын туыс кісі олардың орнына тұрып: «Біздің куәлігіміз ол екеуінің куәліктерінен гөрі шындыққа көбірек жақын. Әрі біз шектен шықпадық. Егер олай істесек, әрине, әділетсіздерден боламыз», - деп Аллаһпен ант ішсін.
Бұл олардың куәлікті шынайы берулеріне немесе олардың берген анттарынан кейін қайта ант берілуінен қорқуларына көбірек жақын. Әрі Аллаһтан / Оның жаза­сынан / қорқып, сақтаныңдар және құлақ асындар. Аллаһ бұзық адамдарды тура жол­мен жүргізбейді.
Сол / қайта тірілу / Күні Аллаһ елшілерді жинап: «Сендерге / үмметтеріңнен / не жауап берілді?» - дейді. Олар: «Бізде білім жоқ. Ақиқатында, Сенің Өзің ғана ғайыптарды Білушісің», - дейді.
Сонда Аллаһ айтады: «Ей, Мәриямның ұлы Иса! Менің саған әрі анаңа берген игілігімді есіңе ал. Сол уақытта сені қасиетті рух / Жәбірейіл / арқылы қолдадым. Сен адамдарға бесікте және ересек кезіңде сөйледің. Сонда Мен саған жазу мен даналықты әрі Тәурат пен Інжілді үйреттім. Әрі сонда сен Менің рұқсатыммен лайдан құстың мүсіні тәріздіні жасап, оған үрлегеніңде, ол Менің рұқсатыммен құс болып кететін. Әрі Менің рұқсатыммен тума соқырды және алапесті айықтыратын едің. Әрі сонда Менің рұқсатыммен өлгендерді / тірілтіп / шығаратын едің. Әрі Исраил ұрпақтарына анық белгілермен келгеніңде, олардың ішіндегі күпірлік еткендері / қарсы келгендері / :«Бұл - анық сиқырдан басқа нәрсе емес», - деген кезінде, оларды сенен қайтардым», - / деп /.
Әрі сонда хауарилерге / Исаның жәрдемшілеріне / :«Маған және Менің Елшіме сеніңдер», - деп білдіргенімізде, олар: «Біз сендік, біздің мұсылман / бойсұнушы / екенімізге куә бол», - деді.
Сол уақытта хауарилер / Исаның жәрдемшілері / :«Ей, Мәриямның ұлы Иса! Раббың бізге аспаннан бір жасаулы дастархан түсіре ала ма?» - деген еді. / Иса / :«Егер иманды / мүмін / болсаңдар, Аллаһтан / Оның жазасынан! қорқып, сақтаныңдар / », - деді.
Хауарилер / :«Біз одан жегіміз келеді және жүректеріміздің орнығуын, сенің бізге шындықты айтқаныңды білуді және ол жайлы куә болушылардан болуды қалаймыз», - деді.
Мәриямның ұлы Иса: «Йа, Аллаһ! Раббымыз! Бізге аспаннан бір жасаулы дастархан түсір! Алғашқыларымызға және кейінгілерімізге бір мейрам әрі Сенен бір белгі болсын. Сондай-ақ, бізге ризық бер! Сен ең қайырлы ризық Берушісің», - деді.
Аллаһ: «Ақиқатында, Мен оны сен­дерге түсіремін. Бірақ содан кейін сендерден кім күпірлік етсе / иманды теріске шығарса / , оны әлемдердің ішінде ешкімді азаптамайтын азаппен азаптаймын», - деді.
Әрі / Қиямет күні / Аллаһ: «Ей, Мәриямның ұлы Иса! Адамдарға: «Мені және анамды Аллаһтан басқа екі құдай етіп алыңдар», - деп айтқан сен бе?» - дегенде, / Иса / :«Сен / кемшілік атаулыдан / пәксің! Өзімнің құқым болмаған нәрсені айту маған лайық емес. Егер айтқан болсам, ақиқатында, Сен оны, әлбетте білуші едің. Сен менің ішімдегіні білесің, ал мен Сендегіні білмеймін. Ақиқатында, Сен - Өзің ғана ғайыптарды Білушісің.
Мен оларға: «Менің Раббым әрі сендердің Раббың - Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер», - деп, Сен бұйырғанды ғана айттым. Әрі олардың ішінде болған кезімде, оларға куә болдым. Ал мені Өзіңе алғанда, оларды Өзің бақыладың. Сен барлық нәрсеге куәсің.
Егер оларды азаптасаң, әлбетте олар - Өзіңнің құлдарың. Ал, егер оларды кешірсең, ақиқатында, әлбетте Сен - бәрінен Үстем, аса Данасың», - дейді.
Аллаһ: «бұл - шын сөзділерге шындықтары пайда беретін күн. Оларға астынан өзендер ағып жататын / жәннат / бақтары бар. Олар онда мәңгі қалады. Аллаһ олардан разы болды, олар Одан / Аллаһтан / разы болды. Міне, осы - ұлы жетістік», - дейді.
Аспандардың және жердің әрі олардағы нәрселердің билігі - Аллаһтікі. Әрі Ол - барлық нәрсені Жасай алушы.
Icon