ترجمة معاني سورة السجدة
باللغة الكازاخية من كتاب الترجمة الكازاخية - جمعية خليفة ألطاي
.
من تأليف:
جمعية خليفة الطاي الخيرية
.
ﰡ
Бұл Кітаптың әлемдердің Раббысынан түсірілгендігіне ешқандай күмән жоқ.
Әлде олар: «Ол оны ойдан шығарды», дей ме? Жоқ, олай емес! Бұл - сенен бұрын ескертуші келмеген елдің тура жолға түсуіне үгіттеп, ескертуің үшін Раббыңнан / түскен / ақиқат.
Аллаһ, Ол сондай, - аспандарды және жерді әрі екеуінің арасындағыларын алты күнде жаратты, кейін Аршыға көтерілді. Сендер үшін Одан басқа ешбір қамқоршы да, араша түсуші де жоқ. Еске алмайсыңдар ма?
Ол аспаннан жерге дейін Өз әмірін жүргізеді. Кейін ол / ол істер / , мөлшері сендердің есептеріңмен мың жыл болатын бір күнде Оған көтеріледі.
Міне, сол - ғайып пен айқын нәрсені Білуші, бәрінен Үстем, ерекше Мейірімді,
Ол әрбір нәрсені өте жақсы / кемел де кемшіліксіз / етіп жаратты. Әрі Ол адамның / Адам атаның / жаратылысын лайдан бастады,
кейін оның ұрпағын әлсіз / елеусіз / судың тамшысынан жасады.
Кейін оны / рет-ретімен / теңестіріп, оған Өзіндегі / иелігіндегі / рухтан үрледі. Әрі Ол сендерге естуді, көруді және жүректерді берді. Сендер аз шүкір етесіңдер / Оның берген игіліктеріне аз алғысбілдіресіңдер /.
Ал, олар / сенбейтіндер / :«Біз жермен араласып жоғалсақ та жаңадан / қайта / жаратыламыз ба?» - деді. Жоқ, олар өздерінің Раббысымен жолығуға сенбейді.
Ей, Мұхаммед! / Айт: «Жандарыңды сендерге уәкіл етілген өлім періштесі алады, одан кейін сендер өздеріңнің Раббыңа қайтарыласыңдар», -деп.
Сен қылмыскерлердің өздерінің Раббысы алдында бастарын иіп: «Раббымыз! Біз көрдік және естідік. Бізді артқа қайтар, ізгі амал істейік. Біз енді анық сендік», — деп айтқандарын көргеніңде еді.
Егер де қалағанымызда, барлық адамды тура жолмен жүргізер едік. Бірақ Менен: «Тозақты жындардың және адамдардың / кәпір, күнәһарларының / барлығымен әлбетте толтырамын» - деп айтылған сөз болды.
Имансыздарға / :«Өздеріңнің осы күндеріңе жолығуды ұмытқандарың үшін / азапты / татыңдар. Анығында, Біз де сендерді / Есеп күнін ұмытқандарыңдай / ұмыттық. Істеп өткен амалдарың үшін мәңгіліктің азабын татыңдар», - делінеді.
Анығында, Біздің аяттарымызға, - ол арқылы естеріне салынған кезде, өздерін жоғары санап, менменсімей сәждеге жығылып және өздерінің Раббысына мақтаулар айтып, / барлық кемшіліктен / пәк деп дәріптейтіндер ғана сенеді.
Олар жамбастары төсектерден ажырап, өздерінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді әрі Біз өздеріне ризық етіп бергеннен жұмсайды.
Ешбір жан істеген амалдары үшін қайтарым сый ретінде өздері көзайым болатын қандай қуаныштың жасырылғанын білмейді.
Иманды жан / мүмін / - бүлдіруші / бойсұнбаушы / біреу секілді ме?! Олар тең емес.
Иманға келген және ізгі амал жасағандарға істеген амалдары үшін Мәуа / жәннатының / бақтарында сый-құрметтер болады.
Ал, бұзық іс істейтіндердің / бойсұнбағандардың / тұрағы - От. Олар әркез ол жерден шығуды қалағанда, оған қайтарылады әрі оларға: «Өздерің өтірік санаған от азабын татыңдар», - делінеді.
Әрі міндетті түрде, Біз оларға / иманға / қайтулары үшін үлкен азаптан алдын жақын азапты / осы дүниедегі ауыртпашылықтарды / таттырамыз.
Әрі Раббысының аят-белгілері есіне салынғаннан кейін, одан теріс бұрылғаннан өткен әділетсіз кім бар? Анығында, Біз қылмыскерлерден кек аламыз.
Ей, Мұхаммед! / Біз Мұсаға Кітапты бердік. Онымен жолығудан күмәнда болма. Әрі Біз оны / Тәуратты / Исраил ұрпақтарына / тура жолды ұстануға / жолбасшы еттік,
және олар сабыр етіп, аяттарымызға айқын сенген кезде, араларынан әміріміз бойынша тура жолға бастайтын жетекшілер шығардық.
Ақиқатында, Раббың Қайта тірілу күні қайшылыққа түскен нәрселеріне қатысты олардың араларына, әлбетте, үкім шығарады.
Олардан бұрын өткен қаншама ұрпақтарды Біздің жойып жібергеніміз, оларды шынымен жолға салмады ма? Өздері / бүгін / олардың жұрттарынан / мекендерінен / өтіп жүр. Ақиқатында, мұнда белгі-ғибраттар бар. Олар сонда да құлақ аспай ма?
Олар / имансыздар / суды шел жерге қарай айдап, ол арқылы олардың малдары және өздері жейтін егін шығарғанымызды көрмеді ме? Олар әлі де көрмей ме?
Әрі олар: «Егер шын сөзді болсаңдар, бұл үкім / шешім / қашан болады?» - дейді.
Ей, Мұхаммед! / Айт: «Үкім берілетін күні сондай күпірлік еткендерге / Аллаһқа қарсы келгендерге / сенімдері пайда бермейді және оларға мұрсат та берілмейді», -деп.
Енді олардан теріс бұрыл және күт. Өйткені олар да күтуде.