ترجمة سورة النّور

الترجمة الكازاخية - جمعية خليفة ألطاي
ترجمة معاني سورة النّور باللغة الكازاخية من كتاب الترجمة الكازاخية - جمعية خليفة ألطاي .
من تأليف: جمعية خليفة الطاي الخيرية .

Бұл сүре, оны Біз түсірдік және парыз еттік. Әрі онда сендердің еске алуларың үшін анық белгі-дәлелдерді түсірдік.
Зина жасаған әйел мен зина жасаған еркектің әрқайсысына жүз дүреден соғыңдар. Егер Аллаһқа және Ақирет күніне сенген болсаңдар, оларға қатысты Аллаһтың үкімін орындауда, сендерді аяушылық ұстамасын. Әрі иманға келгендерден бір топ олардың жазалануына куә болсын.
Зина жасаған еркек зина жасаған немесе мүшрік / Аллаһқа серік қосушы / әйелге ғана үйленеді. Сондай-ақ зина жасаған әйел де, зина жасаған немесе мүшрік еркекке ғана күйеуге шыға алады. Бұл / үйленулер / имандыларға тыйым / харам / етілген.
Ал, әйелдік пәктігін сақтаған әйелдерді айыптап, содан кейін төрт куә келтіре алмағандарға сексен дүре соғыңдар және олардың куәліктерін ешқашан қабылдамаңдар. Міне, солар - бұзықтар / бойсұнбаушылар /.
Алайда, одан кейін істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаһқа бойсұнуға қайтқан / тәубеге келген / және түзеткендер басқа. Ақиқатында Аллаһ -өте Кешірімді, ерекше Мейірімді.
Ал, әйелдерін / зинамен / айыптап, бірақ өздерінен басқа куәлары болмағандардың әрбірінің куәлігі өзінің шындықты айтып тұрғанын төрт рет / қайталап / Аллаһпен куәлік беруі,
ал бесіншісінде, егер өзі өтірік айтушылардан болса, онда өзіне «Аллаһтың лағнеті болсын», - / деп айтуы /.
Ал одан / әйелден / жазаны, оның ол / күйеуі / туралы өтірік айтушылардан екеніне төрт рет Аллаһпен куәлік беруі қайтарады.
Бесіншісінде, әйел, егер ол / күйеуі / шындықты айтқандардан болса, / әйел / өзіне «Аллаһтың қаһары болсын», - / дейді /.
Егер Аллаһтың сендерге деген кеңшілігі мен мейірімі болмаса және Аллаһ тәубені / істеген күнәсіне шынайы өкініп, Өзіне бойсұнуғақайтуды / қабыл етуші, әрі аса Дана болмағанда еді / онда жазаға тез тартылар едіңдер /.
Ақиқатында, / ‘Айша туралы / жаланы айтып келгендер, өздеріңнен болған бір топ. Оны өздерің үшін жамандық деп есептемеңдер. Жоқ, олай емес, ол сендер үшін қайырлы. Олардан әрбір кісіге осы күнәдан / жала, өсектерінен / тапқаны тиеді. Ал олардан оның үлкен бөлігін алғанға / жаланы бастағанға / өте үлкен азап бар.
Сендер мұны / жаланы / естіген кездеріңде, - иманды ерлер мен иманды әйелдер іштерінен жақсыны ойлап: « Бұл - анық жала», - демедіңдер ме?
Олар бұған неге төрт куә келтірмеді? Егер куәлар келтіре алмаса, олар - Аллаһтың алдында нағыз өтірікшілер.
Егер Аллаһтың осы өмірде және соңғы, мәңгілік өмірде / ақиреттегі / сендерге деген кеңшілігі мен мейірімі болмағанда, онда өздерің / сөзбен / батқандарың / жала, өсектерің / үшін сендерге үлкен азап тиер еді.
Сонда сендер оны / өсекті / тілдеріңе алып әрі өздерің білмеген нәрсені ауыздарыңмен айтуда едіндер және оны жеңілге санадыңдар. Бірақ, ол Аллаһтың алдында өте үлкен.
Оны естіген кездерінде: «Біз үшін Мұндай сөздерді айту дұрыс емес. / Йа, Аллаһ! / Сен / барлық кемшіліктен / пәксің. Бұл-үлкен жала», - демедіңдер ме?
Егер иманды / мүмін / болсаңдар, Аллаһ сендерге, осындай нәрселерге ешқашан қайтпауларыңды насихат етеді.
Әрі Аллаһ сендерге аяттарды түсіндіреді. Аллаһ бәрін Білуші, аса Дана.
Анығында, иманға келгендер жайлы жиіркенішті нәрсенің таралуын жақсы көретіндерге, осы өмірде және соңғы, мәңгілік өмірде / ақиретте / күйзелтуші азап бар. Аллаһ біледі, ал сендер білмейсіңдер.
Әрі егер Аллаһтың сендерге деген кеңшілігі және Оның мейірімі болмағанында еді, анығында, Аллаһ өте Мейірбан, ерекше Мейірімді.
Ей, иманға келгендер! Шайтанның ізімен жүрмеңдер. Кім шайтанның ізімен жүрсе, ол жиіркенішті іске және қайтарылған / тыйым салынған / нәрселерге бұйырады. Егер де Аллаһтың сендерге деген кеңшілігі мен мейірімі болмағанда, сендерден ешкім де ешқашан тазармаған болар еді. Алайда Аллаһ Өзі қалағанды / Өз кеңшілігімен / тазартады. Аллаһ бәрін Естуші, бәрін Білуші.
Сендердің араларыңдағы жомарт әрі дәулеттілер жақындарына, кедейлерге және Аллаһ жолында қоныс аударғандарға / ешнәрсе / бермеуге ант етпесін. Кешірімді болып, кеңшілік етсін. Сендер Аллаһтың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Аллаһ өте Кешірімді , ерекше Мейірімді.
Әйелдік пәктігін сақтаған, қаперіне / күнә істерді / алмаған иманды әйелдерді айыптайтындар осы өмірде және соңғы, мәңгілік өмірде / ақиретте / лағнетке ұшырайды әрі оларға үлкен азап бар.
Ол / Қайта тірілу / күні олардың тілдері және қолдары мен аяқтары істегендері туралы өздеріне қарсы куәлік береді.
Сол күні Аллаһ оларға есептерін толық береді әрі олар Аллаһтың - анық әл-Хақ / айқын Ақиқат / екенін білетін болады.
Жаман сөз бен істер - жаман адамдар үшін, жаман адамдар - жаман сөз бен істерге лайық. Жақсы сөз бен істер - жақсы адамдар үшін, жақсы адамдар - жақсы сөз бен істерге лайық. Олардың / өсекшілердің / айтқандарына бұлардың / жақсылардың / қатысы жоқ. Бұларға кешірім және кең ризық бар.
Ей, иманға келгендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлерге рұқсат алмай және үй иелеріне сәлем бермей тұрып кірмеңдер. бұл сендерге еске алуларың / ғибраттануларың / үшін қайырлы.
Егер ол үйден ешкімді таппасаңдар, өздеріңе рұқсат берілгенге дейін оған кірмеңдер. Ал, егер сендерге: «Қайтыңдар» - делінсе, кері қайтыңдар. Бұл - сендер үшін тазасы. Аллаһ - сендердің не істеп жатқандарыңды Білуші.
Ешкім тұрмайтын, ішінде өздеріңнің заттарың бар үйге кірулерің сендер үшін айып емес. Аллаһ сендердің нені жария, нені жасырын істейтіндеріңді біледі.
Ей, Мұхаммед!! Иманды ер кісілерге айт, көздерін / өзге әйелдерге, тыйым салынған нәрселерге қараудан қорғап / төмен қаратсын және әуреттерін / жыныс агзаларын шариғат тыйған барлық іс-әрекеттерден / қорғасын. Бұл - олар үшін тазасы. Ақиқатында, Аллаһ олардың не істеп жатқандарынан Хабардар.
Әрі иманды әйелдерге айт, көздерін / өзге еркектерге, тыйым салынған нәрселерге қараудан тыйып, / төмен қаратсын, жыныс ағзаларын қорғасын және көрініп тұрғаннан / сыртқы киімдерінен / басқа көріктерін көрсетпесін. Жаулықтарын көкіректеріне түсіріп жапсын және көріктерін көрсетпесін. Тек, күйеулерінің, әкелерінің, күйеулерінің әкелерінің, ұлдарының, күйеулерінің ұлдарының, бір туған аға-інілерінің әрі олардың ұлдарының, бір туған әпке-сіңлілерінің ұлдарының, өздерінің әйелдерінің, қоластындағылардың / күңдердің / , еркектік күш-қалаудан айрылған қызметшілерге, әйелдердің әуреттерін аңғармайтын кішкентай балалардың алдында / толық етіп жамылмай-ақ / жүрсе болады. Жасырған көрік-зейнеттері білінуі үшін аяқтарын тырсылдатпасын. Ей, иманға келгендер! мұраттарыңа жетулерің үшін барлығың істеген күнәларыңа шынайы өкініп, Аллаһқа бойсұнуға қайтыңдар / тәубеге келіңдер /.
Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Аллаһ оларды Өз кеңшілігімен байытады. Аллаһ - мейірімі Кең, бәрін Білуші.
Әрі Аллаһ Өз кеңшілігімен байытқанға дейін, үйленуге мүмкіндік таба алмағандар, / күнәдан тыйылып / өздерін ұстасын. Қолдарың иеленген құлдар мен күңдердің ішінен келісім жаздыруды / белгілі бір дүние беріп азаттығын алуды / қалайтындармен, егер оларда бір жақсылық барын байқасаңдар оларға келісім жазыңдар әрі Аллаһтың өздеріңе берген дүниесінен Оларға беріңдер. Ар-абыройын сақтауды қалаған күндеріңді, осы өмірдің пайдасын қалап, жеңіл жүріске мәжбүрлемеңдер. Ал, кім оларды / осыған / мәжбүрлесе, олар мәжбүрленгеннен кейін де Аллаһ / мәжбүрленгендерді / өте Кешіруші, / Оларға / аса Мейірімді.
Ақиқатында Біз, сендерге анық белгілерді әрі өздеріңнен бұрын өткендердің мысалын / ғибрат етіп / және тақуалар / Аллаһтыңжазасынан қорқып, сақтанатындар / үшін насихатты түсірдік.
Аллаһ - аспандар мен жердің нұры / нұр берушісі /. Оның нұры - / қабырғадағы / қуыста орналасқан шамға ұқсайды. Шам болса әйнектің ішінде, ал әйнек жарық, інжу жұлдыздай. Ол Шығыстан, батыстан ғана емес, / оған күн, күні бойы түсетін / берекелі зәйтүнағашымайынан жағылады. Оның майы от тимесе де лап етіп, жарқ етуге дайын. Нұрдың үстіне нұр. Аллаһ қалаған құлын Өз нұрына қарай жүргізеді. Аллаһ адамдарға / осылай / мысалдар келтіреді. Аллаһ - барлық нәрсені Білуші.
Аллаһ салынуына рұқсат еткен әрі Оның есімі еске алынатын ол үйлерде / мешіттерде / таңертең әрі кешке Оны / барлық кемшіліктен / пәк деп дәріптейтін
адамдарды Аллаһты еске алудан, намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле / толық орындаудан және зекетті беруден сауда да, сату да алаңдатпайды. Олар жүректер мен көздер / қорыққаннан / аударылып тұратын Күннен / қайта тірілу күнінен / қауіптенеді.
Сөйтіп / Аллаһтың оларға істеген амалдарынан да жақсы қайтарым сый беруі әрі Өз кеңшілігімен арттырып беруі үшін. Аллаһ қалағанына есепсіз / өте мол / ризық береді.
Ал, күпірлік етушілердің / иманға келмегендердің / іс-амалдары шөл даладағы сағым сияқты. Шөлдеген адам оны су деп ойлайды. Ал оның қасына келген кезде, ештеңе таппайды. Әрі өзінің жанынан / Қиямет күні / тек Аллаһты тауып, Ол одан есебін толық алады. Аллаһ - есеп алуда жылдам.
Немесе / амалдары / терең теңіз ішіндегі қараңғылықтар секілді. Оны толқын үстіне толқын қаптап, ал оның үстінде бұлт бар. Қараңғылықтар бір-бірінің үстінде. Біреу қолын шығарса да, ол көрінер-көрінбестей. Аллаһ нұр бермегеннің нұры болмайды.
Ей, Мұхаммед! / Аспандардағы және жердегі әрбіреудің әрі қанаттарын жайған құстардың да Аллаһты / барлық кемшіліктен / пәк деп дәріптейтінін көрмейсің бе? Олардың әрқайсысы өздеріне тән намазы мен дәріптеуін / құлшылықтарын / біледі. Аллаһ олардың не істеп жатқандарын Білуші.
Әрі аспандардың, жердің билігі - Аллаһта. Және қайта оралу да - Аллаһқа.
Сен Аллаһтың бұлттарды айдап, кейін оны біріктіретінін, содан кейін оны жинап, қабаттастырып топтағанын көрмедің бе? Сөйтіп, оның арасынан жаңбыр шыққанын көресің. Әрі Ол / Аллаһ / аспаннан бұршағы бар тауларды / бұлттарды / түсіріп, оның / зиянын / қалағанына тигізеді де қалағанынан бұрып қояды. Оның найзағайының жарқылы көздерді ала жаздайды.
Аллаһ түн мен күндізді ауыстырып тұрады. Ақиқатында мұнда көре алатындар үшін ғибрат бар.
Аллаһ барлық жаны барды / тіршілік иесін / судан жаратты. Олардың ішінде бауырымен жорғалайтындар бар әрі олардың ішінде екі аяқпен жүретіндер бар және олардың ішінде төртеумен / төрт аяқтап / жүретіндер бар. Аллаһ қалағанын жаратады. Ақиқатында, Аллаһ - әрбір нәрсеге Құдіретті.
Біз анық аяттарды түсірдік. Аллаһ Өзі қалағанын тура жолмен жүргізеді.
Олар: «Аллаһқа және Елшіге сендік әрі бойсұндық», - дейді. Содан соң олардың бір тобы осыдан кейін теріс айналады. Міне, осылар - иманды / мүмін / емес.
Әрі олар араларына үкім беруі үшін Аллаһқа және Оның Елшісіне шақырылса, олардан бір топ теріс бұрылып кетеді.
Ал, егер ақиқат олар жақта болса, онда олар оған / Елшіге / бас иіп келер еді.
Олардың жүректерінде дерт бар ма? әлде олар күмәндана ма? Немесе Аллаһ және Оның Елшісі өздеріне әділетсіздік етеді деп қорқа ма? Негізінде, олардың өздері әділетсіздер.
Имандылар / мүміндер / Аллаһқа және Оның Елшісіне араларына ол үкім беруі үшін шақырылғанда: «Естідік және бойсұндық», деп қана айтады. Міне, осылар - мұраттарына / бақытына / жетушілер.
Әрі кім Аллаһқа және Оның Елшісіне бойсұнса әрі Аллаһтан қорықса және Одан сақтанса, солар - жеңіске жетушілер.
Ал, олар / мұнафиқтар / , егер бұйырсаң, міндетті түрде / жорыққа / шығатындары туралы Аллаһпен қатты ант ішеді. / Ей, Мұхаммед!! Айт: «Ант ішпеңдер. Бұлай бойсұну белгілі. Анығында, Аллаһ сендердің не істеп жатқандарыңнан Хабардар», - деп.
Айт: «Аллаһқа бойсұныңдар әрі Елшіге бағыныңдар»,- деп. Егер олар теріс бұрылса, оған / елшіге / өзіне жүктелгені ғана, ал сендер­ге өздеріңе жүктелгені. Егер оған бағынсаңдар, тура жолмен жүресіңдер. Елшінің міндеті тек, анық жеткізу ғана.
Аллаһ сендерден иманға келген және ізгі амал істегендерді - олардан бұрын өткендерді жер бетінде басқарушы еткені секілді, оларды да жер бетінде басқарушы ететінін әрі олар үшін Өзі құптаған дінді нығайтатынынжәне қорқыныштарын қауіпсіздікпен алмастыратынын уәде етті. «Олар Маған құлшылық етеді және Маған еш нәрсені серік етіп қоспайды. Ал кім осыдан кейін күпірлік етсе / қарсы келсе / , міне солар - бұзықтар / бойсұнбаушылар / ».
Өздеріңе рақым етілуі үшін намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле / толық орындаңдар және зекетті беріңдер және Елшіге бағыныңдар.
Ей, Мұхаммед! / Сондай күпірлік етушілер / Аллаһқа қарсы келушілер / жер бетінде әлсірете / Аллаһтың азабынан құтыла / 1981 алады деп ойлама. Олардың орны - От. Ол қайтатын жер қандай жаман.
Ей, иманға келгендер! Қол астыларыңдағы және сендерден балиғатқа жетпегендер / балаларың / үш уақытта: таң намазынан алдын, түсте киімдеріңді шешетін кездеріңде және құптан намазынан кейін сендерден / алдарыңа кіруге / рұқсат сұрасын. Осы үш / уақыт / сендерге денелерің ашық уақыт. Осыдан басқа / кезде рұқсатсыз кіруде / сендерге де, оларға да күнә жоқ. Сендер олармен бір-біріңе / кіріп-шығып / жүресіңдер. Аллаһ сендерге аяттарды осылай түсіндіреді. Аллаһ - бәрін Білуші, аса Дана.
Қашан сендердің балаларың балиғатқа жетсе, олардан алдыңғылар рұқсат сұрағандай, олар да / алдарыңа кіруге / рұқсат сұрасын. Аллаһ аяттарын сендерге осылай түсіндіреді. Аллаһ - бәрін Білуші, аса Дана.
Тұрмысқа шығуды үміт етпейтін егде әйелдерге көріктерін көрсетпестен, сыртқы киімдерін / жаулықтарын / шешу күнә емес. Бірақ тартынулары өздері үшін қайырлы. Аллаһ - бәрін Естуші, бәрін Білуші.
Соқырға күнә емес және ақсаққа да күнә емес әрі ауруға да күнә емес әрі сендерге де өз үйлеріңнен, не әкелеріңнің үйлерінен, не аналарыңның үйлерінен, не бауырларыңның үйлерінен, не әпке-қарындастарыңның үйлерінен, не әкелеріңнің бауырларының үйлерінен, не әкелеріңнің әпке-қарындастарының үйлерінен, не нағашыларыңның үйлерінен, не нағашы апайларыңның үйлерінен, не кілттеріне / сендерге сеніп тапсырылып / өздерің ие болған / үйлерден / , не достарыңның / үйлерінен / тамақ жеулерің айып емес. Сендердің бірге немесе жеке тамақтануларыңда кінә жоқ. Үйлерге кіргенде, Аллаһтан болған берекелі әрі игі амандасу сөздермен / «Ассаламу ъалайкум» -/ деп. Өздеріңе / бір-біріңе / бейбітшілік-амандық тілеңдер. Ақылдарыңды істетіп, ұғынуларың үшін Аллаһ сендерге аяттарды осылай түсіндіреді.
Ақиқатында имандылар / мүміндер / Аллаһқа және Оның Елшісіне сенген адамдар. Олар онымен / пайғамбармен / бірге ортақ жұмыста болғанда, одан рұқсат сұрамай кетпейді. / Ей, Мұхаммед! / Анығында сенен рұқсат сұрайтындар
міне солар Аллаһқа және Оның Елшісіне сенгендер. Олар сенен өздерінің істері үшін рұқсат сұраса, олардан өзің қалағаныңа рұқсат бер және олар үшін Аллаһтан кешірім тіле. Аллаһ өте Кешірімді, ерекше Мейірімді.
Елшінің шақыруын өзара бір-біріңді шақыру секілді етпеңдер. Аллаһ сендердің іштеріңнен / пайғамбардың жиналысынан / жасырынып, ұрлана шығып кететіндерді біледі. Оның бұйрығын орындамайтындар өздеріне бір сынақтың келуінен не күйзелтуші азаптың келуінен сақтансын.
Біліңдер, аспандардағы және жердегі нәрселер - Аллаһтікі. Ол сендердің нені ұстанғандарыңды / жағдайларыңды / біледі. Әрі Өзіне қайтарылған күні, Ол оларға істегендерінің хабарын береді. Аллаһ - барлық нәрсені Білуші.
Icon