ترجمة معاني سورة إبراهيم
باللغة الكازاخية من كتاب الترجمة الكازاخية - جمعية خليفة ألطاي
.
من تأليف:
جمعية خليفة الطاي الخيرية
.
ﰡ
Әлиф, Ләм, Ра. / Ей, Мұхаммед! / Біз саған бұл Кітапты, адамдарды олардың Раббысының рұқсатымен, қараңғылықтардан жарыққа шығаруың үшін түсірдік. Өте Үстем, аса Мақтаулының жолына.
Ол Аллаһ сондай, аспандардағы және жердегі барлық нәрсе Онікі. Ал, кәпірлерге ауыр азаптан қасірет бар.
Олар осы өмірді соңғы мәңгілік өмірден / ақиреттен / артық көреді әрі Аллаһтың жолынан қайтарады және оны қисайтуға / бұрмалауға / ұмтылады. Міне, солар ұзақ адасуда.
Біз әрбір Елшіні, анық түсіндіруі үшін өз елінің тілімен жібердік. Аллаһ қалаған адамын адастырады, қалағанын тура жолға салады. Ол өте Үстем, аса Дана.
Біз Мұсаны белгі-мұғжизаларымызбен: «Еліңді қараңғылықтардан жарыққа шығар және Аллаһтың күндерін олардың естеріне сал», деп жібердік. Ақиқатында, Мұнда әрбірәрдайым сабыр, көп шүкір етушіге / Раббысының берген игіліктеріне алғыс білдірушіге! ғибраттар бар.
Сонда Мұса өз еліне: «Аллаһтың сендерді Фиръаунның әулетінен құтқарып, өздеріңе жасаған игілігін еске алыңдар. Олар, сендерді ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қалдырып, ең жаман азапқа салатын еді. Міне, осында сендерге, өздеріңнің Раббыңнан үлкен сынақ бар», деген еді.
Әрі сонда сендердің Раббың: «Егер шүкір етсеңдер / берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер!, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер / игіліктерімді мойындамасаңдар / , шын мәнінде азабым өте қатты», деп жариялады.
Мұса: «Егер сендер және жер жүзіндегілердің барлығы күпірлік етсе де / Раббысының игіліктерін мойындамаса да / , анығында, Аллаһ онсыз да өте Бай, аса Мақтаулы.
Сендерге өздеріңнен ілгері өткен Нұх, Ад және Сәмүд елдерінің әрі олардан кейінгілердің хабары келмеді ме? Оларды Аллаһтан басқа ешкім білмейді. Оларға елшілері анық дәлелдермен келді. Сонда олар қолдарымен ауыздарын жауып әрі: «Біз сендер арқылы жіберілгенге сенбейміз және сендер бізді шақырып жатқан нәрседен күмән-күдіктеміз», деді.
Оларға / жіберілген / елшілер: «Аспандарды және жерді жоқтан бар еткен Аллаһ жайында / сендерде / күмән бар ма? Ол сендерді күнәларыңды кешіруі үшін және сендерге белгіленген мерзімге дейін мұрсат беру үшін шақырады», деді. Олар: «Сендер бар болғаны біз секілді адамсыңдар. Бізді ата-бабаларымыз табынып келгеннен қайтаруды қалайсыңдар. Қане, бізге анық дәлел келтіріңдер», деді.
Оларға / жіберілген / елшілер: «Біз бар болғаны сендер секілді адамбыз. Бірақ Аллаһ құлдарынан Өзі қалағанына игілік көрсетеді. Біз сендерге Аллаһтың рұқсатымен болмаса, белгі дәлел келтіре алмаймыз. Имандылар / мүміндер / Аллаһқа жүгініп, Оған істерін тапсырсын / тәуекел етсін /.
Бізді тура жолымызбен жүргізген Аллаһқа, біз ісімізді қалайша сеніп тапсырмаймыз / тәуекел етпейміз /. Біз сендердің көрсеткен жәбірлеріңе міндетті түрде сабыр етеміз. Біреуге жүгініп, сенім артушылар / тәуекел етушілер / , Аллаһқа ғана жүгініп, Оған істерін тапсырсын / тәуекел етсін / », деді.
Әрі сондай күпірлік еткендер / Аллаһқа қарсы келгендер / өз елшілеріне: «Біз сендерді міндетті түрде өз жерімізден шығарамыз немесе сендер біздің дінімізге қайтасыңдар», деді. Сонда оларға / елшілерге / Раббысы уахи етті: «Біз әділетсіздерді міндетті түрде жоямыз
және олардан кейін сендерді сол жерге орналастырамыз. Бұл Менің алдымда тұрудан қауіп еткендер және Менің ескертуімнен қорыққандар үшін», -деп.
Әрі олар шешім шығаруын сұрады, алайда, әрбір қасарысқан зәбір көрсетуші зиянға ұшырады.
Оның артынан / зияннан кейін / Жаһаннам (Тозақ) бар. Әрі оған іріңнен су ішкізіледі.
Ол оны жұтады, бірақ тамағынан зорға өткізеді және оған өлім / азабы / барлық жақтан келеді. Бірақ ол өлмейді. Ал, осының артынан ауыр азап бар.
Раббысына күпірлік еткендердің / иманға келмегендердің / амалдарының мысалы дауылды күнде жел ұшырған күл тәрізді. Жинағандарынан / істеген амалдарынан / ешбір нәрсеге иелік етуге олардың шамасы келмейді. Міне, осы - мүлдем адасу.
Аллаһтың аспандарды және жерді ақиқатпен жаратқанын көрмедің бе? Ол қаласа сендерді кетіріп, жаңадан жаратылғандарды әкеледі.
Ал, бұл Аллаһқа қиын емес.
Олардың барлығы Аллаһтың алдына шығады. Сонда әлсіздер өздерін жоғары санағандарға: «Біз сендерге ілескен едік, енді сендер бізді Аллаһтың бірер азабынан құтқара аласыңдар ма?» дейді. Олар: «Егер де Аллаһ бізді тура жолға салғанда, біз де сендерге тура жолды көрсетер едік. Шыдамасақ та, не сабыр етсек те, біз үшін / екеуі де / бірдей бізге қашып құтылар жер жоқ», дейді.
Ал, іс біткен кезде шайтан: «Ақиқатында, Аллаһтың сендерге берген уәдесі хақ уәде еді. Мен де сендерге уәде еттім, алайда, сендерді алдадым. Менің өздеріңді шақырғаным ғана болмаса, сендерге ешқандай билігім жоқ еді. Сонда да сендер маған жауап бердіңдер. Енді мені кінәламаңдар, керісінше, өздеріңді кінәлаңдар. Мен сендерге көмек бере алмаймын, сондай-ақ, сендер де маған көмек бере алмайсыңдар. Сендердің бұрын мені Аллаһқа серік етіп қосқандарыңнан бас тартамын», дейді. Ақиқатында, әділетсіздерге қинаушы азап бар.
Ал, иманға келген және ізгі амал істегендер астынан өзендер ағып жататын / Жәннаттағы / бақтарға кіргізіледі. Олар Раббысының рұқсатымен ол жерде мәңгі тұрады. Ол жердегі олардың сәлемдесулері: «Сәләм!» / амандық болсын / болады.
Ей, Мұхаммед! / Аллаһтың жақсы сөзді қалай мысал етіп келтіргенін көрмедің бе? Жақсы сөз жақсы ағаш секілді, оның тамыры мықты, бұтағы аспанда.
Ол Раббысының рұқсатымен жемісін әрдайым беріп тұрады. Аллаһ мысалдарды адамдар ескеріп, ғибрат алулары үшін келтіреді.
Ал, жаман сөздің мысалы жердің бетінен жұлып алынған, / тамыры / орнықсыз жаман ағаш сияқты.
Аллаһ иманға келгендерді осы өмірде және соңғы, мәңгілік өмірде / ақиретте / жақсы сөзбен / “Лә иләһә иллаллаһ” куәлігімен / мықтап бекітеді. Ал, әділетсіздерді Аллаһ адасуға ұшыратады әрі Аллаһ Өз қалағанын жасайды.
Аллаһтың берген игілігін күпірлікке / теріске шығаруға, қарсы келушілікке / ауыстырып әрі қауымын апат мекеніне жайғастырғандарды көрмедің бе?
Сондай, өздері жанатын Жаһаннамға (Тозаққа)? Ол неткен жаман орын!
Олар Аллаһтың жолынан адастыру үшін, Оған өзгелерді теңдес етті. / Ей, Мұхаммед! / Айт: «Пайдалана тұрыңдар, қайтатын жерлерің От!» деп.
Ей, Мұхаммед! / Иманға келген құлдарыма айт: «Намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле / толық орындасын және сауда да, достық та болмайтын Күн келмей тұрып, Біз өздеріне ризық етіп бергеннен жасырын әрі жария түрде жұмсасын», деп.
Аллаһ, Ол аспандарды және жерді жаратты әрі аспаннан су түсіріп, онымен сендерге азық етіп түрлі жемістерді шығарды және Өз әмірімен теңізде жүзуі үшін сендерге кемелерді бағындырды әрі сендерге өзендерді бағындырды.
Әрі Ол сендерге / пайдаларың үшін / күн мен айды белгілі тәртіппен қозғалатын етіп бағындырды және түн мен күндізді бағындырды.
Ол сендерге сұрағандарыңның барлығын берді. Аллаһтың игіліктерін санайтын болсаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар. Негізінде, адам баласы тым әділетсіз, тым шүкірсіз / Аллаһтың берген игіліктеріне алғыс білдірмейді /.
Кезінде Ибраһим: «Раббым, осы қаланы қауіпсіз ет, мені және балаларымды пұттарға табынудан аулақ ет.
Раббым! Олар / пұттар / адамдардың көпшілігін адастырды. Енді кім маған ерсе, ол менен. Ал кім мені тыңдамаса, ақиқатында Сен өте Кешірімді, ерекше Мейірімдісің.
Раббымыз! Ақиқатында, мен ұрпағымнан / бір бөлігін / қасиетті етілген Үйіңнің / Қағбаның / жанындағы егінсіз алқапқа орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле / толық орындайтын болсын және адамдардан кейбірінің жүректерін оларға бұр әрі шүкір етулері / берген игіліктеріңе алғыс білдіру / үшін оларды жемістермен ризықтандыр.
Раббымыз! Ақиқатында, Сен біздің нені жасыратынымыз, нені жария ететінімізді білесің. Жерде де, аспанда да еш нәрсе Аллаһтан жасырын қалмайды.
Барлық мақтау, маған қартайған шағымда Исмаъил мен Исхақты сыйлаған Аллаһқа! Ақиқатында, Раббым тілекті Естуші.
Раббым! Мені және ұрпағымды намазды / барлық шарттарын сақтап, беріле / толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал.
Раббымыз! Мені және ата-анамды әрі имандыларды Есеп алынатын күні кешіре гөр», деп тіледі.
Ей, Мұхаммед! / Әділетсіздердің не істеп жатқандығынан Аллаһты ғапыл / аңдамай қалушы / деп ойлама. Анығында, Ол оларға көздер қарап, қатып қалатын Күнге дейін мұрсат береді.
Сол күні / олар бастары кекшиіп асыға жүгіреді. Көздерімен қарағандары өздеріне қайтпайды, ал жүректерінде еш нәрсе болмайды / боп-бос болып қалады /.
Ей, Мұхаммед! / Адамдарды, оларға азап келетін Күннен сақтандыр. Сонда әділетсіздік еткендер: «Раббымыз! Бізге жақын бір мерзімге дейін мұрсат бер, Сенің шақыруыңа жауап беріп / бойсұнып / , елшілерге ереміз», дейді. / Оларға / :«Сендер бұрын өзгеру / жойылу / болмайды деп ант еткен жоқсындар ма?
Әрі сендер өздеріне әділетсіздік істегендердің мекендерінде / жұрттарында / тұрдыңдар және оларға не жасағанымыз сендерге белгілі болды. Әрі сендерге мысал-тәмсілдер келтірдік», деп жауап беріледі.
Олар өздерінше қулық • жасады. Егер айла-шарғылары тауларды жылжытса да, олардың барлық айла-шарғылары Аллаһтың билігінде.
Ей, Мұхаммед! / Аллаһ елшілеріне берген Өзінің уәдесін бұзады деп ойлама. Ақиқатында, Аллаһ өте Үстем, жазалау күшіне Ие.
Ол / Қиямет / күні жер басқа жерге ауыстырылады, сондай-ақ, аспандар да. Олардың барлығы Жалғыз, бәрін Бағындырушы Аллаһтың алдында тұрады.
Әрі ол күні сен қылмыскерлердің шынжырлармен бір-біріне қосақталып байланғанын көресің.
Олардың киімдері шайырдан / смоладан / болып, ал беттерін от орайды.
Аллаһ әрбір жанға істегенінің қайтарымын беруі үшін / осылай етеді /.' Ақиқатында, Аллаһ есепті тез алушы.
Бүл / Құран / адамдардың онымен ескертілуі және Оның жалғыз құдай екендігін білуі әрі ақыл иелері еске алулары / ғибраттанулары / үшін / жіберілген / бір хабар.