ترجمة سورة هود

الترجمة الكازاخية - مجمع الملك فهد
ترجمة معاني سورة هود باللغة الكازاخية من كتاب الترجمة الكازاخية - مجمع الملك فهد .
من تأليف: خليفة الطاي .

Әлиф. Ләи. Ра. Бұл аяттары бекітілген бір Кітап. Сонсоң аса дана, толық білуші тарапынан ашық баян етілген.
Алладан басқаға әсте құлшылық қылмаңдар. Шын мәнінде мен сендерге Оның тарапынан қорқытушы, қуандырушымын.
Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді белгілі бір мерзімге дейін көркем түрде пайдаландырады да, әрбір мәрхамет иесіне артық сыйлық береді. Егер жалтайсаңдар, расында сендер туралы ұлы күннің азабынан қорқамын.
Қайтар жерлерің Алла жақ. Ол, әр нәрсеге күші жетуші.
Естеріңде болсын. Олар, Одан жасырыну үшін кеуделерін бұрады! Біліңдер! Олар киімдерін бүркенген кезде де, Алла көрінеу, көмес істеген нәрселерін біледі. Расында Ол, көкіректегілерді толық білуші.
Жер бетіндегі әр жәндіктің көрегі Аллаға ғана тән. Ол, олардың тқрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір Кітапта.
Ол Алла, қайсыларың жақсы ғамал істейді деп, сынау үшін көктер мен жерді алты күнде жаратты. Оның ғаршысы су үстінде еді… (Ғаршыдан кейін су жаратылған.) (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер сендер өлгеннен кейін тірілесіңдер» десең, кәпірлер: «Мынау ашық жадыдан басқа дәнеңе емес» дейді.
Егер олардан азапты белгілі бір мерзімге дейін кешіктірсек, әрине олар: «Оны не тосты?»,- дейді. Сақ болыңдар! Оларға азап келген күні солардан қайтарылмайды. Олардың мазақ қылған нәрселері бастарына жетеді.
Егер біз адам баласына мәрхамет нәсіп етіп, сонан кейін оны одан алсақ, сөзсіз ол мүлде күдер үзіп, өте қарсы келеді.
Алайда оған тиген зияннан кейін, нығметтерімізді таттырсақ, әрине: «Ол жамандықтар менен кетті» деп, күдіксіз ол қуанып, мақтанады.
Бірақ сабыр етіп, ізгі іс істегендер, міне солар үшін жарылқау және зор сауап бар.
(Мұхаммед Ғ.С.) бәлкәм сен олардың: «Оған қазына неге түсірмейді? Яқи онымен бірге періште неге келмейді?»,- деулеріне көңлің тарайып, уақи етілген нәрсенің кейбірін тастауың ықтимал. Шынында сен бір ескертушісің. Алла әр нәрсеге кепіл.
Немесе олар: «Құранды өзі жасады»дей ме? (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер айтқандарың шын болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатыңдарынды шақырыңдар да сол сияқты жасама он сүре келтіріңдер» де.
Егер ол шақырғандарың сендерге жауап бермесе, онда біліңдер, шын мәнінде бұл Құран Алланың білімімен түсірілген әрі Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ал енді де бой ұсынбайсыңдар ма?»,- де.
Кім дүние тіршілігін әрі оның зейнетін қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз; сондай-ақ олар кемшілікке ұшыратылмайды.
Соларға ақиретте тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниедегі жасағандары жойылып кетті. Негізінде олардың істегендері босқа.
Раббынан ашық бір дәлелі болған және оған жалғас куәсы да болған сондай-ақ бұрынғы жетекші әрі игілік түріндегі Мұса (Ғ.С.) ның Кітабына ие болған кісілер, міне солар, Құранға сенгендер. Әрқандай топтардан кім Құранға қарсы келсе онда оның уәделі орны от. (Мұхаммед Ғ.С.) сен де одан күдікте болма. Расында Құран, Раббың тарапынан бір хақиқат. Бірақ адамдардың көбі сенбейді.
Аллаға өтірік жала жапсырғаннан кім залымырақ. Міне бұлар, Раббыларының хұзырына шығарылады. Сондай-ақ айғақтары да: «Міне бұлар, Раббыларына өтірік айтқандар» дейді. Естеріңде болсын! Алланың қарғысы залымдарға тән.
Олар сондай Алланың жолынан тосады да оны қисайтуға тырысады. Тағы олар ақиретке қарсы келушілер.
Бұлар жер жүзінде Алланы нашарлата алмайды. Әрі олардың Алладан өзге жәрдемшілері жоқ. Оларға азап еселеніп отырады. Өйткені, олар ести алмайды да көре алмайды.
Міне солар, өздеріне зиян етеді. Жасама Тәңірлері олардан безіп жоқ болады.
Күдіксіз олар, ақиретте өте зиянға ұшырағандар.
Дау жоқ, иман келтіріп ізгі іс істегендер, раббыларына бой ұсынғандар, олар жаннаттық. Олар, онда мәңгі қалады.
(Кәпір, Мұсылман) екі топтың мысалы: Саңырау мен естуші тәрізді. Мысал тұрғысынан екеуі тең бе? Түсінбейсіңдер ме?
Әрине біз Нұх (Ғ.С.) ты қауымына жібердік: «Мен сендер үшін ап-ашық бір ескертушімін.»
«Аллаға ғана ғйбадат қылыңдар, шынында мен сендерге, күйзелтуші күннің азабынан қорқамын» деді.
Елінің қарсы келген бастықтары: «Біз сені өзіміз тәрізді ғана адам көреміз, саған тар көзқарасты қорларымыздан басқанын ергенін көрмейміз. Сондай-ақ сендердің бізге бір артықшыларыңды көрмейміз. Тіпті сендерді өтірікші деп ойлаймыз» деді.
Нұх (Ғ.С.): «Әй елім! Көрдіңдер ме? Раббым тарапынан ашық бір дәлел үстінде болсам және Ол, өз қасынан бір мәрхамет еткен болса, Ал ол, сендерге көрінбесе, сондай-ақ сендер оны жек көрсеңдер де сендерге оны зорлал қабылдата аламыз ба?» деді.
«Әй елім! Сендерден мал сұрамаймын. Жалақым Аллаға ғана тән. Сондай-ақ иман келтіргендерді қуалаушы емеспін. Өйткені, олар Раббыларына жолығушылар. Бірақ мен сендерді надан көремін»
«Әй елім! Егер мен оларды қуаласам, мені Алладан кім қорғайды, түсінбейсіңдер ме?»
Мен сендерге: «Жанымда Алланың қазыналары бар демеймін де көместі де білмеймін. Мен бір періштемін де демеймін. Сондай-ақ көздеріңе ілмейтіндерге: «Алла әсте жақсылық қылмайды» демеймін. Алла олардың ішіндегілерді жақсы біледі. Ол уақытта мен залымдардан болармын» (деді.)
Олар: «Әй Нұх! Рас бізбен жанжалдастың, сондықтан тартысуды көбейтіп жібердің. Егер сөзің шын болса, енді бопсалаған нәрсеңді бізге келтір» деді.
Нұх (Ғ.С.): «Оны сендерге қаласа, Алла ғана келтіреді. Сендердің оған шамаларың келмейді» деді.
«Егер Алла, сендерді қаңғыртуды қаласа, сендерді үгіттеуді қаласам да үгітім сендерге пайда бермейді. Ол, сендердің Раббыларың. Сол уақытта оған қайтарыласыңдар.»
(Мұхаммед Ғ.С.) бәлкім кәпірлер: «Құранды өзі жасады» дей ме?. Оларға: «Егер оны жасаған болсам күнәсы маған тән. Алайда, мен сендердің істеген күнәларыңнан аулақпын» де.
Сондай-ақ Нұх (Ғ.С.) қа: «Еліңнен иман келтіргеннен басқалары, әсте иман келтірмейді. Енді олардың істегендеріне кейіме» делінген түрде уақи етілді.
Көз алдымызда нұсқауымыз бойынша кеме жаса. Залымдар турасында маған айт па! Өйткені, олар суға батырылады.
Кемені жасап жатқанда, елінің бастықтары жанынан өткен сайын оны тәлкек қылды. Нұх (Ғ.С.) оларға: «Егер бізді сықақ қылсаңдар, біз де сендерді, бізді сықақ қылғандарыңдай сықақ етеміз» деді.
Ал енді жедел білесіңдер: Қорлайтын азап кімге келер екен және тұрақты азап кімнің басына түседі екен?
Ақыр әміріміз келген заманда, таңдырдан су қайнады. Нұх (Ғ.С.) қа: «Ол кемеге әр нәрседен бір жұп және бұрын үкім етілгеннен басқа семьянды орналастыр. Әрі иман келтіргендерді де ал» дедік. Негізінде онымен бірге иман келтірген өте аз ғана еді.
Нұх (Ғ.С.): «Кемеге отырыңдар. Оның жүруі де тұруы да Алланың атымен. Расында Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» деді.
Ол кеме оларды, таулардай толқында алып жүрді. Нұх (Ғ.С.) айрылуда болған ұлына: «Әй балақайым! Бізбен бірге кемеге отыр, қарсы болушылардан болма!»,- деп дыбыстады.
Ұлы, Кенған: «Мені судан сақтайтын тауға паналаймын» деді. Әкесі: «Бүгін Алланың әмірімен сақтаушы жоқ. Бірақ біреуге мәрхамет етсе басқа» дегенде, екеуінің арасына толқын түсіп Кенған суға батқандардан болды.
«Әй жер! Суыңды жұт! Аспан сен де тоқта» делінді де су тартылды. Іс бітті. Кеме Жуди тауына тоқтады. «Залымдар жоқ болсын!» делінді. (Бұл Жуди тауы Мұсылға жақын.)
Нұх (Ғ.С.) Раббына дабыстап: «Раббым! Күдіксіз ұлым семьямнан ғой. Шәксіз уәдең хақ. Сондай-ақ Сен ең тура үкім етушісің» деді.
(Алла): «Әй Нұх! Ол, семьяннан емес. Өйткені, оның ісі дұрыс емес. Сондықтан білмеген бір нәрсені Менен тілеме. Сені надандардан болмауыңды насихаттаймын» деді.
(Нұх Ғ.С.): «Раббым! Расында білмегенімді Сенен тілеуден өзіңе сиынамын. Егер мені жарылқамасаң, маған мәрхамет етпесең зиянға ұшыраушылардан болармын» деді.
«Әй Нұх! Саған, сенімен бірге болған топтарға бізден сәлеметтік, молшылықпен кемеден түс! Бір талай топты дүниеде пайдаландырамыз да сонан кейін олар біздің күйзелтуші азабымызға ұшырайды» делінді.
(Мұхаммед Ғ.С.) міне бұлар білінбеген еңгімелерден. Оны саған уақи етеміз. Бұдан бұрын оны сен де, қаумың да білмейтін еді. Онда сабыр ет. Расында соңғы табыс тақуалар үшін.
Ғад қаумына туыстары Һұд (Ғ.С.) ты жібердік: «Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сендер өте жалақорсыңдар» деді.
«Әй елім! Бұған сендерден жалақы сұрамаймын, еңбегім мені жаратқанға ғана тән. Сонда да түсінбейсіңдер ме?»
«Әй халқым! Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе қылыңдар. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Сондай-ақ күнәкар болып, жалтармаңдар» деді.
Олар: «Әй Һұд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Біздер сенің сөзің бойынша тәңірлерімізді тастамаймыз да саған сенбейміз» деді.
Олар: «Саған кейбір тәңірлеріміздің киесі тиген екен» деп қана айтамыз. Һұд (Ғ.С.): «Расында мен Алланы айғақ қыламын, сендер де айғақ болыңдар. Мен сендердің Аллаға қосқан шеріктеріңнен аулақпын» деді.
«Маған Алладан басқа бәрің мекерлік қылыңдар да сонан кейін мұрса бермеңдер»
«Расында мен, менің Раббым әрі сендердің Раббыларың Аллаға тәуекел еттім. Ол, маңдайынан ұстамаған (толық меңгермеген) ешбір жандық жоқ. Күдіксіз Раббым тура жолда»
«Егер жалтарсаңдар да мен шынында өзім арқылы жіберілген нұсқауды сендерге жалғастырдым. Раббым орындарыңа басқа елді әкелсе, сендер оған ешбір зиян келтіре алмайсыңдар. Шынында Раббым әр нәрсені қорғаушы» (деді)
Әміріміз келген кезде, Һұд (Ғ.С.) ты және онымен бірге иман келтіргендерді мәрхаметімізбен құтқардық. Сондай-ақ оларды ауыр азаптан да босаттық.
Осы Ғад елі, Раббыларының аяттарына қарсы келіп, Оның елшілеріне мойындамай әрбір зөрекер тоңмойындардың әміріне бағынды.
Бұл дүниеде де қиямет күнінде де олардың қырсоңынан лағынет қалмады. Естеріңде болсын! Ғад елі Раббыларына қарсы болды. Естеріңде болсын! Һұттың қауымы Ғад, (мәрхаметтен) аулақ болсын!
Сәмүд еліне туыстары Саліһ (Ғ.С.) ті жібердік: «Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір тәңірлерің жоқ. Ол, сендерді жерден таратып әрі онда өмір сүргізді. Енді Одан жарылқау тілеңдер. Және Оған тәубе қылыңдар. Күдіксіз Раббым жақын тілеуді қабылдаушы» деді.
Олар: «Әй Саліһ! Сен бұдан бұрын арамызда үміт күтілген едің. Аталарымыздың табынғанынан бізді тиясың ба? Расында сенің бізді шақырған нәрсеңе күдік ішінде әрі күмәндіміз» деді.
(Саліһ Ғ.С.): “Әй халқым! Айтыңдаршы, егер мен Раббым тарапынан ашық дәлелде болсам, өз тарапынан маған бір мәрхамат еткен болса да мен оған қарсы келсем, сонда мені Алладан кім қорғайды? Сонда сендер маған зияннан басқаны арттырмайсыңдар” деді.
“Әй халқым! Мынау Алланың аруанасы, сендерге бір мұғжиза. Сондықтан оны қойып қойыңдар, Алланың жерінде оттасын. Оған жамандық тигізбеңдер. Онда сендерді жуықта бір азап қолға алады” деді.(
Сонда да олар оны өлтіріп тастады. Саліһ Ғ.С.): “Жұрттарыңда үш күн бой жасай тұрыңдар. Бұл өтіріксінуге болмайтын бір уәде” деді.
Ал әміріміз келген кезде, мәрхаматымызбен Саліһ (Ғ.С.) және онымен бірге иман келтіргендерді құтқардық. Сондай-ақ сол күннің қорлығынан да... Күдіксіз Раббың, Ол өте күшті, аса үстем.
Залымдық істегендерді ащы дауыс алып, олар өз жұртында жалмандарынан түсіп, типыл болды.
Тіпті ол жерде олар отырмаған сияқты. Естеріңде болсын! Шынында Сәмүд елі Раббыларына қарсы келді. Біліңдер! Сәмүд еліне рахмет жоламасын.
Расында елші (періште) леріміз Ыбырайым (Ғ.С.) ға хош хабармен сәлем берді. Ыбырайым (Ғ.С.) олардың сәлемін алыпсонда дереу пысырылған бұзау келтірді.
(Ыбырайым Ғ.С.) олардың қолдарын тигізбегенін көріп, оларды жатырқады да олардан тіксінді. Олар: “Қорықпа! Расында біз Лұт қауымына жіберілдік” деді.
(Ыбырайым Ғ.С.) ның түрегеп тұрған әйелі күліп жіберді. Сонда оны Ысхақ және артынан Яғқұппен қуандырдық.
(Ыбырайым Ғ.С. ның жұбайы): “Әттең-ай! Мен кемпір мына ерім шал, мен туам ба? Бұл әрине таңғажайып нәрсе!”, - деді.
(Пеіштелер оған): “Сен Алланың әміріне таңғаласың ба? Алланың мәрхаматымен молшылығы сендерге болсын. (Әй Ыбырайым) семьясы Шынында Алла мақтауға лайық, аса жоғары.”
Ыбырайым (Ғ.С.) нан қорқу кетіп, оған қуаныш келген кезде, Біз (елшілеріміз) бен Лұт елі жайында сөзге килікті.
Шынында Ыбырайым (Ғ.С.) анық жұмсақ, тым қамқор, бой ұсынушы.
(Періштелер): “Әй Ыбырайым! Бұдан шегін! Өйткені, Раббыңның әмірі келген. Күдіксіз оларға қайтарылмайтын апат келеді” (деді)
Елшілеріміз (жас жігіттер бейнесінде) Лұт (Ғ.С.) қа келгенде (елінің сұмдығын ойлап,) олардың келуімен қынжылды да олардың салдарынан көңлі тарайып: “Бұл ауыр бір күн” деді.
Қауымы оған жүгірісіп келді. Сондай-ақ олар бұрыннан да жаман істер істейтін еді. (Лұт Ғ.С.): “Әй халқым! Мына қыздарым, олар сендер үшін тағы таза. Енді Алладан қорқыңдар! Қонақтарым жайында мені қорламаңдар. Іштеріңде бір де есті кісі жоқ па?”, - деді. (Лұт Ғ.С. ның “мына қыздарым” дегені, елінің әйелдері еді. Өйткені, Бір пайғамбар үмметінің әкесі жерінде. Б.К.Х.Т.Ж-Қ)
Олар: “Сенде білесің. Қыздарыңда жұмысымыз жоқ. Расында сен біздің нені қалайтындығымызды жақсы білесің” деді.
(Лұт Ғ.С.): “Әттең! Сендерге төтеп берер күшім болса не бір мықты бекініске паналасам” деді.
(Елшілер): “Әй Лұт! Расында біз Раббыңның елшілеріміз. Олар, әсте саған соқтыға алмайды. Дереу түннің бір бөлімінде үй-ішіңмен жөнел, жұбайыңнан басқа ешкім кейін қалмасын. Өйткені, еліңе келетін апат оған да жетеді. Олардың уәдесі таң. Таң жақын емес пе?”, - деді.
Оларға апат әміріміз келген сәтте, ол жердің үстін астына келтірдік. Сондай-ақ үстеріне ерекше әзірленіп қыздырылған тас жаудырдық.
Раббыңның қасында таңбаланған болатын. Бұл апат залымдардан ұзақ емес.
Мәдянға туыстары Шұғайыпты жібердік: “Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің одан басқа тәңірлерің жоқ. Сондай-ақ өлшеуді, таразыны кемітпеңдер. Расында мен сендерді молшылық ішінде көремін. Күдіксіз мен сендерге байланысты тырп еткізбейтін күннің азабынан қорқамын” деді.
“Әй елім! Өлшеуді, тартуды толық орындаңдар, адамдардың нәрселерін кемітпеңдер! Сондай-ақ жер жүзінде бұзғыншы болып жүрмеңдер.”
“Егер нанатын болсаңдар, сендерге Алланың қалдырған халал нәрсесі хайырлы. Мен сендерге күзетші емеспін”.
Олар: “Әй Шұғайып! Біздің аталарымыздың табынғанын тастауымызды немесе малдарымызды қалауымызша істетуден тыйылуымызды саған намазың әмір ете ме? Тіпті сен өте жұмсақ, аса есті көрінесің” деді
(Шұғайып Ғ.С.): “Әй халқым! Айтыңдаршы! Егер мен Раббым тарапынан ашық дәлел үстінде болсам және өз қасынан маған көркем ризық берген болса, сендерді тыйған нәрсемді өзім істеп, сендерге қарсы келуді қаламаймын. Шамам келгенінше түзелтуді ғана қалаймын. Табысты болуым, Аллаға ғана байланысты, Оған тәуекел еттім әрі Оған бой ұсынамын” деді.
“Әй халқым! Маған қарсы келулерің, өздеріңе Нұх қауымы не Һұд қауымы немесе Саліһ қауымына келген тәрізді ауыршылық келтірмесін! Сондай-ақ Лұт елі сендерден ұзақ емес”
“Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе қылыңдар. Шынында менің Раббым ерекше мейірімді, өте сүйгіш....”
Олар: “Әй Шұғайып! Біз сенің айтқаның көбіне түсінбейміз. Әрі сені ішімізде әрине төмен көреміз. Егер ағайының болмаса еді, әлбетте таспен атып өлтірер едік. Сондай-ақ сен бізге кәдірлі емессің” деді.
(Шұғайып Ғ.С.): “Әй халқым! Сендерге Алладан ағайыным қадырлы ма? Алланы мүлде арқаларыңның артына тастадыңдар. Расында Раббым не істегендеріңді толық білуші” деді.
“Әй халқым! Қолдарыңнан келгенін істеңдер, мен де істеймін. (Міндетімді атқарамын.) Жақында қорлаушы азаптың кімге келетінін және кімнің өтірікші екенін білесіңдер. Енді бақылаңдар! Әрине мен де сендермен бірге бақылаушымын” деді.
Әміріміз келген заман, Шұғайып (Ғ.С.) ды және онымен бірге иман келтіргендерді мәрхаматымызбен құтқардық. Сондай-ақ залымдық қылғандарды бір ащы дауыс қолға алды да жұрттарында етбеттеген бойда жоққа айналды;
Тіпті ол жерде отырмағандай. Естеріңде болсын! Сәмүд елі мәрхаметтен ұзақтасқандай Мәдян елі де ұзақтасты.
Расында Мұса (Ғ.С.) ны аяттарымызбен және ашық дәлелмен жібердік.
Перғауынға және шонжарларына жіберсек те олар Перғауынның әміріне бағынды. Перғауынның әмірі тура емес еді
Перғауын қиямет күні елінің алдына түседі. Оларды тозаққа апарады. Ол баратын жер нендей жаман бір жер.
Бұл дүниеде де қиямет күнінде де лағынет оның қырсоңынан қалмайды. Ол нендей жаман сыбаға!
(Мұхаммед Ғ.С.) осы өлкелердің хабары. Саған оны баян етеміз. Олардың кейі тұр, кейі орылып жоғалған.
Біз оларға зұлымдық қылмадық. Олар өздеріне зұлымдық етті. Раббыңның әмірі келген сәтте, олардың Алладан өзге жалбарынғандары өздеріне ешбір пайда келтірмеді. Сондай-ақ зияндарын арттырғаннан басқа түкке тұрмады.
(Мұхаммед Ғ.С.) Раббың қолға алғанда, кенттердің залым халқын өстіп алады; күдіксіз Оның соққысы қатты күйзелтеді.
Күдіксіз осы да ақирет азабынан қорыққан кісілерге әрине дәлел бар. Қиямет; адамдардың жиналатын күні. Сондай-ақ ол, әзір болатын бір күн.
Ол қиямет күнін, санаулы бір мерзім ғана кешіктіреміз.
Ол күн келсе, Алланың рұқсатынсыз ешкім сөйлемейді. Олардың сорлысы да бақыттысы да бар.
Ал енді сорлылар, тозақта ыңыранып, шыңғырады.
Олар тозақта көктер мен жердің тұруынша мүлде қалады. Бірақ Раббың қаласа басқа. Шынында Раббың қалағанын толық орындаушы.
Ал енді бақытты болғандар, жаннаттық болады. Олар жаннатта көктер мен жердің тұруынша мәңгі қалады. Бірақ Раббың қаласа басқа. Бұл үздіксіз бір сыйлық.
(Мұхаммед Ғ.С.) онда олардың табынғандарына байланысты күдікте болма. Олар ата-бабаларыңның бұрыннан табынғандары құсап табынады. Әрине біз олардың сыбағаларын кемітпей береміз.
Расында Мұса (Ғ.С.) ға Кітап бердік. Сонда да қайшылық тудырылды. Егер Раббыңнан сөз берілмеген болса еді, (бұйрық солай болмаса еді,) әрине араларына үкім берілген болар еді. Расында олар Құраннан шәк ішінде күдіктенуде.
(Мұхаммед Ғ.С.) күдіксіз Раббың; олардың барлығының істегендерінің бодауын әрине толық береді. Өйткені Ол, олардың істегендерін толық біледі.
(Мұхаммед Ғ.С.) бұйырылылғанындай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла, не істегендеріңді толық көруші.
Сондай зұлымдық істегендерге бейім сыңай байқатпаңдар. Онда сендерге тозақ кездеседі. Сендерге Алладан басқа дос болмайды, сонсоң көмек те көрмейсіңдер!
(Мұхаммед Ғ.С.) күндіздің екі жағында, (таң және екінді намазы) Түннің күндізге таяу кезінде, (ақшам, жашыйық) намазын толық орында. Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды. Бұл түсінушілер үшін бір насихат.
(Мұхаммед Ғ.С.) сабыр ет. Расында Алла, жақсылық істеушілердің еңбегін жоймайды.
Сендерден бұрыңғы ғасырлардағы ақыл иелері, жер жүзіндегі бұзықтықтан тыйса еді? Бірақ олардың азын ғана құтқардық. Зұлымдық істегендер, берілген жоғары тұрмыстың соңына түсіп күнәкар болды.
(Мұхаммед Ғ.С.) Раббың халқы түзу болған кенттерді орынсыз жоқ етпейді
(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Олар үнемі қайшылықта тұруда. (Алла Т. сынақ үшін еркіне қойды. Б.М.Р.Т.Ж-Қ.)
Бірақ Раббыңның мәрхамет еткені басқа. Оларды сол үшін жаратты. Раббыңның: “Әрине тозақты бүкіл жындар және адамдармен толтырамын” деген сөзі тура шықты.
(Мұхаммед Ғ.С.) саған пайғамбарлардың қиссасын көңліңді орнықтыру тұрғысынан баян етеміз. Осында саған хақиқат және мүміндер үшін бір насихат әрі түсінік келді.
(Мұхаммед Ғ.С.) сондай иман келтірмегендерге: “Өздеріңше істеңдер, Расында біз де істейміз” де.
“Сендер де соңын күтіңдер, біз де күтеміз” (де)
Көктер мен жердің сыры Аллаға тән. Істің бәрі соған қайтады. Ендеше, Соған құлшылық қылып, Оған тәуекел ет. Раббың істейтін істеріңнен ғапыл емес.
Icon